Қытайдың қазақтар мекендейтін Алтай аймағы жайлы не білеміз

605

0

Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

Орта Азия мемлекеттері мен Ресей бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнайы ұйымдастырылған баспасөз туры барысында журналистер Алтай аймағын мекен еткен халықтың тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды Kazinform.

Алтай — ҚХР Шыңжаң Ұйғыр автономия ауданының Іле Қазақ автономия облысына қарасты әкімшілік аймақ.

Соңғы ресми деректерге сүйенсек, халық саны — 668 600 адам. Сегіз ұлттың өкілі тұрады.

Орталығы — Алтай қаласы. Әкімшілік жағынан 6 уезге бөлінеді.

Ғалымдардың дәлелдеуінше, қарда шаңғы тебу мәдениеті осы өлкеден бастау алған. Сондықтан болар, алтайлықтардың шаңғы жасау әдісі де, қолданылуы да ерекше.

Шеберлер оны таза табиғи өнімнен дайындайды. Яғни, бес жастан асқан жылқы терісі мен жас самырсын немесе қайын ағашын қолданады.

Бұдан бөлек, Алтайда түрлі қолөнер орталықтары мен шеберханалар өте көп.

Соның бірі — «Тоқсан сегіз» көркемсурет студиясы. Мұнда қыш, саз балшық және сурет бөлімі бар.

Студия жетекшісі Юань Вэньюй қыш мәдениеті — көне өнер түрі екенін атап өтті. Сазбалшықтан әртүрлі тұрмыстық заттар жасауға болады.

«Қыш, сазбалшық өнерінің адамға берер пайдасы зор. Балшық табиғи минералдарға бай. Оның құрамындағы кальций элементтері алақан арқылы адам ағзасына тарайды», — дейді Юань Вэньюй.

Сонымен қатар Алтай қаласында үш қабатты әлеуметтік орталық жұмыс істейді.

Мұнда келушілерге тегін қызмет көрсетіледі. Мәселен туристер өздеріне қажетті ақпаратты ала алады.

Қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізу үшін бар жағдай жасалған. Кітапхана, кинозал мен домбыра үйірмесі де бар.

Алтай — сиқырлы қала. Оның әсемдігі таңғажайып тауларымен ғана шектелмейді.

Жоғарыда атап өткеніміздей шаһар мәдени құндылықтарға бай. Қаланың ортасында Қыран өзені ағып жатыр. Бойында түрлі мейрамханалар мен тарихи ғимараттар орналасқан. Тұрғындардың негізгі айналысатын кәсібі — егін және мал шаруашылығы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<