Әдетте, қызыл деп әшекей бұйымдарды айтса, түсіндірмелік сөздік бойынша кейбір түркі тілдерінде қызыл «алтын» дегенді білдіреді. Демек, біздің қызыл дегеніміздің түбі – алтын! Ол латын тілінде «жарқын рауан», «таңғы шапақ» деген мағына береді. Ал, ескі ағылшын тілінде «сары» деген ұғымға саяды. Тіпті табиғатты былай қойғанда, адам ағзасында да кездеседі, әсіресе қан құрамында. Ұл-қыз өскен соң сол алтын жиі қозғалатын тақырыпқа айналды. Осы асыл бұйымның соншалықты қажеттілік болатындай не құдіреті бар? Бұл мәселе мені қатты мазалайды. Ашығын айтқанда, алтын үшін қан көп төгіледі, түбі жақсы емес. Соғыс, ұрыс-жанжалдың түпкі төркінінде де осы бағалы металл тұрады. Соны сезіп отырып, оған ықылас онан сайын өсе түсті. Бәлкім, тұрмыстың түзелген тұсындағы тұтынушы талғамы солай ма екен? Көп жерде болып жүрміз, әйтеуір қайбір қызықшылыққа да алтын араласады. Дұрыс, ретіне қарай тарту жасау керек. Бірақ соңғы уақытта тым шектен тыс бәсеке болып барады. Тіпті тарту-таралғының артынан түйіншек-түйіншек сын сөз еріп жүреді. «Жарымай қалғыр, бергені берекесіз дүние болды, «граммы аз екен», «ломбард қабылдамайтын арзан қол екен», «лағыл көзі жоқ», «аты бар да, заты жоқ» дегендей көңілтолмастық күбір ой көлденең шығады. Осы сергелдең сұйық сөздер жүйкеге артық жүк емес пе? Жаратылыс заңында әйел кісінің қолы мен мойнына әжім ерте түседі. Сол ерсілікті алтын бұйымы көзден көлегелейтін шығар, әйтеуір негізгі тағылатын осы екі орын. Бұдан артығы артық. Өйткені тонналап алтын таққанмен адам жаңармайды, жасармайды. Бұл шындық. Екінші жағынан табиғи алмасуға, яғни денсаулыққа пайдалы қасиеті де болуы мүмкін. Себебі көшпелі алтын бір тамшы қанға тоқтайды. Басқа қасиетін мен білмедім.Бір жылдары қатты қызығушылықтың салдарынан бүтін тісін бүлдіріп, алтындату сән болған. Мұның зияндығын ұғып, ол бүгінде тоқтаған сияқты. Әуелден өлік жөнелту алдында марқұмның қолданған бұйымдарын жақын-жуыққа таратып беру үрдісі орындалады. Сол кезде де алтынға таласып, бір құрсақтан шыққан бауырлардың бет жыртысып жатқанын байқап қаламыз. Анасын жоқтағанға емес, алтын үшін айқасқа бас шайқап жүрміз. Сонда деймін-ау, санамызды дүние жаулап бара ма? Көпшілік ортада «Елдің істегенін істейміз ғой» деген пікір бар. Одан шамасы жететін де, жетпейтін де қалыспай жатыр. Тіпті уақыт озған сайын тарту-таралғының мөлшері еселеніп барады. Бұл дәстүрге жат емес пе? Біз бәсекелестікті алтынмен емес, келетін келіннің ісмерлігі, шеберлігі, ақылдылығымен өлшесек. Күйеу жігіттің бекзат болмысын таразыға түсірсек. Міне, ұлттық құндылық деген осы болар. Әсілі, әйелді дүние арбамасын, оның түбі жақсы болғанын көргенім жоқ. Анау Келіншектау аңызы осы дүниенің кепиеті ұрғанын білдірсе керек…
Қаныбек ӘБУОВ,
Жаңақорған ауданы, facebook парақшасынан алынды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<