Қызанақтан қаржы тапқан

653

0

Бүгінде жергілікті өнімге сұраныс жоғары. Өңдеуші өнеркәсіптің жұмысын жандандырып, озық жобаларды іске асыру нарықтың басты талабына айналып отыр. Отандық өнімдерді, оның ішінде халық жиі тұтынатын тауарларды шығару ел экономикасын алға жылжытуда маңызды қадам саналады.

Шиелі ауданына қарасты «Бидайкөл» ауылында қызанақ өңдеу цехы жұмысын бастады. Құны 48 млн теңге болатын жобаны жеке кәсіпкер Қанат Мұсаев төрағалық ететін «Барлыбай және K» өндірістік кооперативі ұзаған жылдың мәресінде қолға алыпты.

– Ерінбей еңбек еткен адамға мемлекет қолдау көрсетіп келеді. «Ауыл аманаты» жобасы аясында өткен жылдың соңында 27 млн теңге қаражатты төменгі пайызбен несиеге алдым. Өнімге қажетті бау-бақша дақылдары өзімізде егіледі. Нақты кезеңде ауыл шаруашылығы дақылдарын сұрыптап, сұранысқа сай өнім шығарып жатырмыз. Аймақта қайта өңдеу өнеркәсібі кенжелеп қалған. Сондықтан осы мақсатта ауыл тұрғындарын жұмысқа тартып, кәсіпті қолға алдық. Қазір 8 адам жұмыс істейді, алдағы уақытта екі ауысымға көшеміз. Себебі, цех тәулігіне екі тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы. Бұдан бөлек те жоспарымыз бар, – дейді кәсіпкер.

Қ.Мұсаевтың айтуынша, қызанақ пастасы облыс орталығындағы дүкендер арқылы сатылымға шығарылады. Қазір келіссөз жүргізілуде. Мұндағы жұмыс күші толығымен автоматтандырылған. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізеді. 

Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы аясында берілетін 2,5 пайыздық несиелеу бағдарламасы арқылы Шиелі ауданынан жалпы соммасы  584 млн теңге  болатын 79 жоба қолдау тапқан.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<