Қызметінен кеткен Алтай Көлгінов үндеу жасады

530

0

Премьер-министрдің бұрынғы орынбасары Алтай Көлгінов Facebook-тегі парақшасында Қазақстан Үкіметінде жұмыс істеу ол үшін мәртебе болғанын айтып, атқарған жұмыстарын тізіп шықты деп хабарлады turkystan.kz.

«Үкіметте жұмыс істеу, әсіресе, әлеуметтік салаға басшылық жасау мен үшін үлкен мәртебе болғанын айтқым келеді. Бұл – маңызды әрі нәзік салалардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту», ​​«Жайлы мектеп», «Ауыл аманаты» және тағы басқа мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру басталды. Жауапты министрліктер жұмысын бастады. Мәселен, «Ауыл денсаулық сақтау саласын жаңғырту» жобасы 3 жыл ішінде 600-ден астам медициналық нысанды салу арқылы ауыл тұрғындарын жедел әрі сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етеді» деп жазды Алтай Көлгінов.

Оның айтуынша, сондай-ақ республика бойынша «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатыр.

«Нәтижесінде апатты және үш ауысымдағы мектептердің мәселелері шешіледі. «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының өз ауылшаруашылық өнімдерін өндіріп, жұмыспен қамтамасыз етіп, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға мүмкіндік береді. Отандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілетін арттыру мақсатында шетелдік жетекші ЖОО-мен әріптестік байланыстарды жүзеге асыру жұмыстары басталды. Студенттерге жатақханалар санын көбейту жұмыстары да жүргізіліп жатыр.
Халықтың табысын арттыру бағдарламасы, сондай-ақ мәдениет, спорт, туризм, жастар саясаты және т.б. қатысты жаңа тұжырымдамалар қолға алынды», – деді ол.

Алтай Көлгінов жыл басынан бері еліміздің 20 өңірінің бәрін аралап, тұрғындармен кездескен.

«Сол жүздесулер барысында әкімдіктермен бірлесе жұмыс жоспары жасалып, қазірдің өзінде қарқынды түрде жүзеге асырыла бастады. Одан әрі елорда әкімдігіндегі жұмысқа қатысты туындаған мәселелерге тоқталайын. Астана – халық санының өсу қарқыны жоғары әрі ең жылдам дамыған қала. Бұл жерге жұмысқа келгенімде басты мәселелердің бірі – үлескерлердің мәселелерін шешу болды. Ондаған жылдан бері пәтер кезегінде тұрған 16 мыңға жуық үлескер отбасының 80 пайыздан астамының мәселесу шешілді. Сондай-ақ біз әлеуметтік нысандардың санын айтарлықтай арттырдық. Атап айтқанда, 36 мектеп пайдалануға берілді. Тағы 9 мектеп аяқталу кезеңінде. Нәтижесінде екі ауысыммен барлығы 93 мың оқушыға жаңа орын. Біз 20 мыңнан астам әлеуметтік пәтер, 900-ге жуық аула мен қоғамдық орындарды салдық. Елорданың әрбір төртінші тұрғыны тұрғын үй алаптарында тұратынын ескере отырып, тұрғын үй алаптарын дамытудың жеке жоспары жасалды. Елді мекендерде 700 шақырымға жуық газ құбыры, 42 шақырым су құбыры, 17 шақырым жаңбыр суы, 11 шақырым кәріз желісі, 250 көше және Ұлы дала даңғылының бойындағы көпір құрылысы да аяқталды. Қалада 400-ден астам жаңа көше салынып, жөнделді. Тәуелсіздік даңғылының бойында көпір салу жұмыстары басталды. Бұрын жаңбыр жауса астана көшелерін су басып кететін. Сол жұмыстармен жүйелі айналыстық. 146 учаскеде су басу мәселесі шешілді. Ол үшін 130 шақырымнан астам жауын-шашын канализациясы мен арық жүйесі салынды. Мысалы, су тасқыны мәселесі ең проблемалы жердің бірі – Б.Момышұлы даңғылы еді. Бұл учаскені қала тұрғындары қалжыңдап Венециямен салыстыратын еді. Сондай-ақ, Жастар ықшамауданында (Тәшенов пен Амман көшелерінің қиылысы) тазарту қондырғысы салынып, көшені су басу мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Тәшенов, Бараев, Уәлиханов, Пушкин, Иманбаева көшелері, Республика және Тәуелсіздік даңғылдарының жоғарғы бөлігі, сондай-ақ басқа да бірқатар нөсер кәріздері мен тазарту құрылыстары салынды деп жазды ол.

Оның айтуынша, Үкімет 2020 жылдан бастап әкімдікке жыл сайын кемінде 3 миллион шаршы метр тұрғын үй салу міндетін қойды.

«Біз бұл жоспарды орындадық. Бірақ 2022 жылдың басында әкімдіктің бастамасымен құрылыс қарқынын төмендету ұсынылды. Халық санының қарқынды өсуін ескерген әкімдік тұрмысқа қажетті жүйелерді салуға кірісті. Осы мәселелерді ескеріп, 2020 жылы жаңа ауыз су станциясы (НФС-3) жобаланып, 2021 жылы құрылысы басталды. Осы айда әкімдік НФС-3 құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, кеше Астана су қоймасынан су өткізетін құбырдың жаңа тармағы іске қосылды. 2022 жылы ұзақ мерзімді құрылыс нысаны ЖЭО-3 құрылысы қайта жанданды. Сондай-ақ 2022 жылы газбен жұмыс істейтін екі жылу электр станциясының құрылысы басталды. Олар осы жылыту маусымында аяқталуы тиіс. Бұл – тұрғындардың игілігі үшін атқарылған жұмыстар мен үлкен ұжымның атқарған орасан еңбегінің бір бөлігі ғана. Мұның бәрі Мемлекет басшысының үлкен қолдауының арқасында мүмкін болды. Сондықтан зор сенім үшін шын жүректен алғыс айтамын! Барша әріптесімнің қажырлы еңбегіне табыс тілеймін», – деді ол.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<