Жуырда төтенше жағдай болып, соңы қайғылы жағдайға ұласа жаздады. Түскі сағат 12 шамасында Қызылорда қаласының «Мерей» шағын ауданындағы №23 көпқабатты тұрғын үйдің 3-қабатынан түтін шығып жатқаны туралы 112 құтқару қызметіне хабарлама түскен.
Оқиға орнына №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің 2 техникасы мен автосатысы, 8 қызметкері жұмылдырылды. Құтқарушылар әуелі полиция қызметкерлерінің рұқсатымен тұрғын үйдегі №38 пәтердің есігін бұзып, барлау жұмыстарын жүргізді. Шұғыл іс-әрекет нәтижесінде өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Данияр Ибраев бастаған қызметкерлер қызыл жалынға оранған екі бөлмелі пәтердің ішінде тұрмыстық заттар жанып жатқанын анықтады. Сонымен қатар, көмірқышқыл газына уланып, ес-түссіз жатқан 61 жастағы ер азаматты құтқарды. Дереу қауіпсіз жерге шығарылған азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жедел жәрдемге тапсырылды. Сондай-ақ, өртті оқшаулау кезінде үйдің 4-қабатынан 2 жасөспірім мен 3 ересек адам эвакуацияланды.
Мамандардың жедел әрі біріккен іс-қимылының нәтижесінде көпқабатты тұрғын үйдің өзге пәтерлеріне өрттің таралуына жол берілген жоқ. Қазір шығу себебі мен шығыны анықталуда.
Айта кетейік, тілсіз жау салғырттықты көтермейді. Бұл – дерекке алған бір оқиға. Жалпы тұрғындар қауіпсіздікті мейлінше ұмытпауы тиіс. Өйткені, өрттің зардабы үлкен. Осыны тағы бір жеткізгіміз келеді.
Әсет ЕСЕНОВ,
№1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі
бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<