Қызылмия зауыты қайта іске қосылады

560

0

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов былтыр аудан көлемінде атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады.

Жыл қорытындысында ауданда жоспарланған макроэкономикалық көрсеткіштерде өсім қалыптасқан. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімдерін өндіру 166,7%-ды құраған,  яғни, 24 млрд 912 млн теңгенің өнімі өндірілген. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 115%-ға  жетіп, 11 млрд 839 млн теңгені құраған. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 26 млрд 315 млн теңгеге орындалып, 100,1 пайызға жеткен. Сондай-ақ, есепті мерзімде 19716 шаршы метр болатын 136 тұрғын үй пайдалануға берілген. Құрылыс жұмыстарының көлемі де 5 млрд 577 млн теңгеге орындалып, 110,4 пайызды құраған.

– Макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалуы бойынша ауданымыз алдыңғы қатардан көрінді. Жалпы былтыр аудан бюджеті 11 млрд 662 млн теңге болып бекітілген.  Жыл  көлемінде қосымша бөлінген нысаналы трансферттер есебінен аудан бюджетінің жалпы көлемі 14 млрд 291 млн теңгеге жетті. Есепті кезеңде ауызсу желілерін жүргізу мен жабдықтау, көпірлер мен жол жөндеу, әлеуметтік нысандар құрылысы, тұрғын үйлерді күрделі жөндеу, газдандыру, жарықтандыру және абаттандыру жұмыстарына, яғни, барлығы 30 жобаға бюджеттен 2 млрд 659 млн теңге қаржы бөлініп, игерілді, – деді аудан әкімі.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша да ауданда ауқымды жұмыстар бар. Жыл қорытындысында кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3084-ті құраған. Оның ішінде нақты жұмыс істеп тұрғаны – 557.

– Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жоба аясында іске асырылуда. Былтыр 3 млрд 212 млн теңгені құрайтын 446 жоба қаржыландырылып, 462 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, қызыл мия тамырын өңдеу зауытын  қайта іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде Қытайдан қажетті газ қондырғысының жабдықтары әкелініп, нысанның жылу жүйесі табиғи газға көшірілді. Зауыт ақпан айында толық іске қосылып, 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылады, – деп атап өтті аудан әкімі.

Сондай-ақ, ауданда антифриз өндірісі қолға алынған. Жоба құны 15 млн теңгені құрайды.

Аудандағы 330 шаруашылықтың 194-і егінмен, 136-сы мал шаруашылығымен айналысады. Былтыр 35486 гектар жерге егін егілген. Су тапшылығына қарамастан, диқандар 18501 гектар күріштің әр гектарынан 55,8 центнер өнім алған. Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту үшін 713,8 млн теңгеге 48 техника сатып алынған. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының бекітілген сызбасына сәйкес 37052 гектарға егін егу жоспарланған.

Егін шаруашылығымен қатар аудан экономикасының негізгі резервінің бірі мал шаруашылығы да тұрақты дамуда.

Қазіргі кезде 4 шаруашылық асылтұқымды ірі қара, 3 шаруашылық асылтұқымды қой өсірумен айналысуда.

– Ауданда азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу,  тұрақтандыру бағытында да біршама жұмыстар атқарылуда. Нан өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін «Байқоңыр» ӘКК АҚ-дан әлеуметтік ұн алынып, сауда орталықтары мен наубайханаларға төмен бағада беріледі. Сонымен бірге «Ақниет-2» сауда орталығынан әлеуметтік бұрыш ашылып, өнімдер нарық бағасынан 10-15 пайызға төмен сатылуда. «Ер-Әлі» ШҚ егінді әртараптандыру бағытында 24 гектар жерге картоп, 5 гектар сәбіз, 2,5 гектар жерге қант қызылшасын екті. Тұрғындарды азық-түлікпен қолжетімді бағада қамтамасыз ету  үшін  картоптың келісі  120 теңгеден, сәбіздің келісі 125 теңгеден сатылуда, – деді аудан әкімі.

Ауданда автомобиль жолдарының  жалпы ұзындығы 234,1 шақырымды құрайды. Оның 50 шақырымы – республикалық, 60,6 шақырымы – облыстық, 123,5 шақырымы – аудандық маңызы бар жолдар. Есепті кезеңде Ұлттық қордан және облыстық бюджеттен 196,5 млн теңге қаржы бөлініп, Бұқарбай батыр ауылына кіреберіс аудандық маңызы бар автомобиль жолының 6,33 шақырымына орташа жөндеу жасалған. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 460,8 млн теңге бөлініп, 5 елді мекеннің 16 көшесіне күрделі жөндеу және Жалағаш кентіндегі 2 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Жалағаш кентінде орталықтандырылған газ желісі 2021 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі кезде кенттегі 2520 тұрғын үй және 9 әлеуметтік, 108 кәсіпкерлік нысан газға қосылған. Ақсу және М.Шәменов елді мекенін газдандыруға жоба-сметалық құжат әзірленіп, қаржыландыруға бюджеттік өтінім тапсырылған. Аудан бюджетінен Таң, Жаңақоныс, Аққұм, Бұқарбай, Қаракеткен және Далдабай елді мекендеріне газ желісін тартуға жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, сараптамадан өткізу үшін 38 млн теңге бөлінген, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ ауданда елді мекендердің электр желілерін дамыту, жарықтандыру, ауызсумен қамтамасыз ету бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылған.  Биыл 3,2 млрд теңгені құрайтын 25 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Сонымен қатар, 14,1 млрд теңге болатын 39 жобаның құжаты дайын.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<