Қызылорда: Дамудың жаңа кезеңі

207

0

Қызылорда қаласының дамуы көптің көз алдында. Мұндай оң динамиканы бюджеттің өскенінен аңғаруға болады.  Мәселен, жыл басында қала бюджеті 58,2 млрд теңгемен бекітілсе, істі орнықты үйлестірудің арқасында оның көлемі 107,1 млрд теңгеге жетті.

− Шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы − қала кірісінің өсуіне  жақсы әсерін беруде. Қазіргі таңда, салық базасын ұлғайту мақсатында бірнеше бағыт бойынша жұмыс атқарылып, нәтижесінде 6 айда қала бюджетінің өз кірісі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 17,7%-ға ұлғайды. Өткен жылдың қорытындысымен нақты түсім 29,5 млрд теңге болса, биыл жыл аяғына дейін түсімді 40 млрд теңгеге жеткізіп, 35,6%-ға арттыру көзделуде, − деді брифингте қала әкімі Серік Қожаниязов.

Қалада тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі де оңынан шешілуде. Бұл, әрине, себеп  жыл сайын облыс орталығында көпқабатты тұрғын үйлердің көптеп бой көтеруінің жемісі.

Жалпы қалада 3911 пәтерлі 74 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның 58-і бюджет есебінен, 16-сы жеке инвестициялар есебінен салынды.

Айта кетсек, жыл басынан бері 763 пәтер табысталып, 2500 тұрғын баспаналы болды. Жыл аяғында 1685 отбасы баспана қуанышына кенелмек. Десе де, қалада апатты жағдайдағы үйлердің мәселесі де өзекті болып тұр.

− Қала бойынша 68 тұрғын үй апаттық деп танылды. Бүгінде бұл санат бойынша тұрғын үй алу кезегіне 673 отбасы тіркелген. Биыл 135 отбасыға жаңа пәтерлер табысталып, тұрғын үй кезегінен шығарылады. Осылайша, біз кезең-кезеңімен апатты деп танылған тұрғын үйлердің санын азайтатын боламыз. Тұрғындар жаңа пәтер алғанша апатты үйлердің өжіресін тазалау, шатырын ауыстыру, орташа жөндеу жұмыстары жүргізіле береді, − деді шаһар басшысы.

Облыс орталығында абаттандыру жұмыстары да ерекше қарқын алуда. Биыл 23 тұрғын үйдің аулаішілік жолдарын жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындардың өтінішіне сәйкес 25 көпқабатты тұрғын үй ауласындағы балалардың ойын алаңдарын күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды. Одан бөлек, қала аумағындағы 13 үйдің шатырлары қалпына келтірілуде. Оған қала бюджетінен 74,4 млн теңге қарастырылды. Сондай-ақ қала орталығында орналасқан 20 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері линеарлық панельмен қапталуда.

Ал 77 көпқабатты тұрғын үй мен 2 әлеуметтік нысанның қасбеттері заманауи үлгіде әрленіп, жаңа кейіпке енуде.

Қалада жол-көлік инфрақұрылымы бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Оны күнделікті өзімізде көріп жүрміз. Шаһар басшысының айтуынша, биыл жол-көлік инфрақұрылымын дамыту саласына 34,8 млрд теңге қаралып, 97 көшеге жол құрылысын салу, қайта жаңғырту, күрделі және орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

− Тұрғындар  мен қала қонақтарының жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау үшін кіреберіс жолдардан бастап, үйлесімділікке, сапаға мән беріліп отыр. Ол үшін әуежай жолы мен Шиелі кіреберіс жолдарына кеңейту жұмыстары жүргізілсе, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ арқылы «Қызылорда-Құмкөл» автомобиль жолын қайта жаңғырту үшін техникалық-экономикалық негіздеме дайындалуда. Оған қоса Сағымбаев көшесін қайта жаңғырту үшін жоба-сметалық құжаттама әзірленуде. Қаланың магистральді Яссауи мен Жаппасбай батыр көшелері және Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы кеңейтілуде, − деді Серік Салауатұлы.

Қалаішілік көшелерді жөндеу жұмыстары мұнымен толастамайды. Биыл Е.Көшербаев көшесі қайта жаңғыртылып, Н.Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылына дейінгі жаңадан жол құрылысы салынды. Сондай-ақ 96 көшеге күрделі, 34 көшеге орташа жөндеу жүргізілмек. Жаяу жүргіншілер жолдары да ретімен салынуда. Мәселен, биыл құны 2,3 млрд теңге болатын 54 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Оның ішінде 40 көше қалада, «Тасбөгет» кентінде 6 көше, «Белкөлде» 1 көше, «Қарауылтөбеде» 7 көше бар. Ал 81 көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Оған 1,4 млрд теңге бөлінген.

«Көгілдір отын» игілігін өңірде облыс, аудан орталығы ғана емес, ауылдарда көре бастағаны белгілі. Бұл мәселе қалада кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Биыл 1,2 млрд теңгеге «Ақжарма» елді мекенін, 3,1 млрд  теңгеге «Сабалақ саяжайын» және 689,2 млн теңгеге қалада қалып қойған шағын аудандарды  газдандыру жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, «Қызылөзек» ауылдық округі мен «Бірқазан» елді мекенін «көгілдір отынмен» қамту қолға алынады.

Электр энергиямен қамту бағытында құны 4,8 млрд теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге асырылмақ. Ал  «Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту» бағдарламасы аясында құны 7,9 млрд теңгені құрайтын 30 жоба қолға алынды.

Қазіргі таңда Қызылорда қаласының тұрғындарына тәулігіне 72 мың текше метр ауызсу өндіріліп, таратылады.

Шаһардың жылдар бойы шешімін таппай келген мәселесінің бірі – көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен қамту болатын. Бұл мәселенің де түйіні тарқатылар кезі келді.

Биыл қаладағы 424 көпқабатты тұрғын үйді ыстық сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Оған 26,2 млрд теңге қаражат қарастырылды.

Бұл жұмыстар екі кезеңмен жүргізіледі. Бірінші кезеңінде 187 үйге ыстық су берілсе,  екінші кезеңінде 237 үй ыстық сумен қамтылмақ. 187 көппәтерлі тұрғын үйді ыстық сумен жабдықтау желілерін салу үшін Үкімет резервінен 11 млрд теңге қаржы бөлінген.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<