Қызылорда облыстық ғылыми-техникалық кітапханасы

425

0

Ғылым мен тәрбие және оқу процесіндегі маңызды құрылым, ақпараттық орталық болған, байырғы кітапханалардың бірі – Қызылорда облыстық ғылыми-техникалық кітапханасы.

1972 жылғы 13 қарашадағы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі мемлекеттік жоспарлау комитетінің  №85 бұйрығымен Қызылорда облыстық ғылыми-техникалық кітапханасы құрылды. Кітапхана кеңсе, жинақтау, қызмет көрсету, бухгалтерлік, кадр бөлімдерінен тұрды.

Облыстық ғылыми-техникалық кітапхананың негізгі қоры – отандық ғылыми-техникалық, экономикалық, қоғамдық-саяси әдебиеттер және ақпараттық материалдар. Сондай-ақ облыстық жүйелер мен ведомостволардың техникалық кітапханаларының қызметін басқару жөніндегі әдістемелік орталық.

Негізгі міндеті – мамандардың сұраныстарын толық орындау, ғылыми, экономикалық және өндірістік әдебиеттерді насихаттау. 1977 жылы кітапхана 1219 абонентке қызмет ете отырып, аймақтағы он екі кітапханаға әдістемелік және практикалық көмек көрсетті. 1979 жылы жаңа ғимаратқа көшіріліп, қосымша анықтамалық-библиографиялық, әдістемелік, арнайы техникалық әдебиет бөлімдері құрылды. 1981 жылы 1800 жеке және 1206 ұжымдық абонентке қызмет көрсетті, оларға 372404 дана журнал, кітап, басқа да әдебиет көздері берілді. 1984 жылы абонент саны 3777-ге жетіп, оқырмандарға 518523 дана әдебиет ұсынылды. 

1994-1995 жылдары 17 кітапхана қызметкері жұмыс жасады. Осы жылы оқырмандар саны 2975-ке жетіп, оқу залында 20322 адамға қызмет көрсетілді.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жаңа технологиялар министрлігінің 1995 жылғы 7 қарашадағы №68 бұйрығына сәйкес Қызылорда облыстық ғылыми-техникалық кітапханасы таратылып, кітап қорымен бірге Қызылорда педагогикалық институтына берілді.

Облыстық архив қорынан.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<