Облыстық бюджеттен әлеуметтік салаға 1 млрд теңге жұмсалды

625

0

Жергілікті бюджетті бөлісуде әлеуметтік салаға басымдық беру әлі күнге маңызын жойған емес. Облыстық мәслихаттың кезектен тыс ІІІ сессиясында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бұл бағытқа 1 млрд теңге жұмсалатынын айтты.

– 2021 жылға арналған облыстық бюджет 411,6 млрд теңге көлемінде бекітілді. Сессияның күн тәртібіне 2021-2023 жылдарға арналған бюджетті 18,9 млрд теңге сомасында алғашқы нақтылау мәселесін ұсынып отырмыз. Бұл қаржы 2021 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша қаражат қалдығын (1,7 млрд теңге) қайта бөлу, кіріс көзінің (14,1 млрд теңге) ұлғаюы, бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің пайдаланылмаған және үнемделген қаржысы (3,1 млрд теңге) есебінен қалыптасты, – деді аймақ басшысы.

«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын, жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде 22 инвестициялық жобаны жүзеге асыру, 11 жоба бойынша биыл Қызылордада кредиттік тұрғын үй құрылысын жүргізу, сол жағалаудағы үйлердің инженерлік инфрақұрылымын дамыту негізгі шығын бағыттары ретінде аталды. Тұрақтандыру қорын қалыптастыру, әлеуметтік сауда дүкендерін салу, шағын және орта бизнес үшін кредитті ішінара кепілдендіру қажеттілігі де туындап отыр. Сондай-ақ кезек күттірмейтін маңызды мәселелерді шешу 1,4 млрд теңгені керек етеді.

Үшжылдық бюджет туралы облыстық мәслихат шешімін өзгертіп, толықтыру осылайша сессияның өзегі болды. Одан бөлек, амбулаториялық ем кезінде азаматтардың жекелеген санаттарына дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымды қосымша беру, әлеуметтік маңызды жол қатынасы тізбесін айқындау, Қызылорда қаласындағы № 11 мектеп-лицейге Әбубәкір Тыныбаев есімін беру мәселелері көтерілді.

Сирек кездесетін ауру түрлеріне шалдыққан науқастар былтыр республикалық бюджет есебінен дәрілік препараттармен тегін қамтамасыз етілді. Бірақ кейін кейбір дәрі тізімнен алынып тасталып, ол үшін жергілікті бюджеттен шығындалуға тура келді. Осы орайда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сабит Пазылов әлеуметтік осал топтағы науқастарды нозологиялық аурудың ауырлық деңгейіне байланысты тегін және (немесе) жеңілдікпен берілетін дәрілік заттармен қамтамасыз ету туралы шешімге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді сұрады.

Ал облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тілеуімбетов ауданаралық бағыттар тізбесін әлеуметтік маңызы бар қатынас түрі ретінде айқындауды ұсынды. Бүгінде ауылдарды аудан және облыс орталықтарымен жалғайтын 11 тұрақты автобус маршруты осы санатта. Облыстық бюджеттен бөлінген субсидия толығымен иегіріліп келеді.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекованың хабарламасына сүйенсек, білім ордасына су шаруашылығы майталманының есімін беру мәселесі Президент әкімшілігімен келісілген. Халық қалаулылары ұсынысты бірауыздан мақұлдады. Айта кетейік, Ә.Тыныбаев әр жылдары халық депутаттары облыстық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Компартиясы Қазалы аудандық комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР мелиорация және су шаруашылығы министрі болды. Сыр өңірінде еңбек еткен уақытта күрішті суландырудың жаңа инженерлік алқабын жобалау, салу, игеру, аудандарда үлкен каналдар қазу, құрылыс жүргізу, оларды пайдалануға беру сияқты қыруар жұмыс атқарылды.

Күн тәртібіндегі соңғы сұраққа қатысты облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов сөз сөйледі.

Облыстық сайлау комиссиясының құрамына «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы облыстық филиалынан Болат Нақыповтың кандидатурасы қолдау тапты.

Жиын соңында облыстық мәслихат депутаты Шаһизада Әбдікәрімов көпқабатты тұрғын үйлер құрылысына қатысты бірқатар ұсыныс айтты.

– Сол жағалаудың сәніне сән қосқан үйлердің көптеп салынуы көңіл қуантады. Бірақ біз сапа мәселесін қаперден шығарып алғандаймыз. Жақында бір топ депутат сонда барғанымызда мынаған көз жеткіздік: үшбөлмелі үйдің көлемі 60-65 шаршы метр шамасында екен. Ауласы да тар, қозғалысқа ыңғайсыз. Құзырлы орындар алдағы уақытта осы жағын ескеруі тиіс. Қолжетімді баға – қолайлы өмір симметриясы сақталғаны жөн. Қызылордалықтар оны көптеген жыл бойы игілігіне пайдаланатындай болуы қажет, – деді Ш.Әбдікәрімов.

Сондай-ақ, депутат Қылышбай Бисенов жергілікті балабақшаларды қаржыландыру мәселесін қозғады.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<