Қызылорда облысы – «Үздік мәдени өңір»

4221

0

Биылғы жыл Сыр елі үшін «Руханият жылы» деп жарияланды. Оның бастау көрінісі көктемнің алғашқы күндерінде заманауи үлгіде бой көтерген 1000 орындық «Өнер орталығы» пайдалануға берілді. Сырт келбеті алыстан көз тартатын сәулетті ғимараттың ішкі сән-салтанаты тіпті ерекше. Ғимараттың есігінен енгенде тамаша үйлесімді, көркемдік пен жайлы көңіл-күйді сезінесіз. Фойенің  төрінде Сыр елінің мәдениеті мен өнеріне еңбегі сіңген көрнекті тұлғалардың композициялық портреті ілінген.

Қызылорда облысы – «Үздік мәдени өңір»

«Өнер орталығының» ашылуында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев,  ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов құттықтау сөз сөйледі.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн» деген болатын. Сыр өңірі – шежіре тұнған, халықтың асыл мұралары сақталған алтын көмбелі мекен, қазақ театрының алғашқы қазығы қағылған жер. Аймағымыздың киелі сахнасынан мәдениет майталмандары мен өнер тарландары түледі.

Осындай өнер ордасына қажеттілік заман үдерістері мен көрермен талғамына сәйкес туындады. Аз ғана уақыттың ішінде құрыш қолды құрылысшыларымыздың кәсіби шеберлігі арқасында көз алдарыңызда сәні мен сәулеті келіскен ғимарат бой көтерді. «Өнер орталығы» еліміздің рухани қазынасын толтыруға, мәдениеті мен өнерін асқақтатуға қызмет ете берсін!, – деді аймақ басшысы.

Қызылорда облысы – «Үздік мәдени өңір»

Халықаралық әйелдер күніне арналған «Сыр ана – өнер бесігі» атты мерекелік концертке Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева, белгілі қоғам қайраткерлері, өңірлерден келген делегациялар, облыстың зиялы қауымы, өнер саласының өкілдері, еңбек ардагерлері қатысты.

Салтанатты жиын халқымыздың төл тарихы мен мәдениетінен, салт-дәстүрінен көрініс беретін театрландырылған қойылымнан бастау алды. Ақын-жыраулар, сал-серілер, әнші-күйшілер, мың бұралған бишілер ұлттық өнердің ғажайып  сан алуан сыр-сипатын айшықтап,  көрерменді тәнті етті. Сыр сүлейлерінің ізін жалғап келе жатқан дәстүрлі өнер майталмандары жыр тиегін ағытты. Айтыстың ақтаңгері, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов арнау айтып, домбырасын өнерге құштар жас өркенге табыстады.

Қызылорда облысы – «Үздік мәдени өңір»

Салтанатты жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев және  Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының бас хатшысы, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қырғыз Халық жазушысы Сұлтан Раев Сыр өңірінің аяулы аналарын, ардақты қыз-келіншектерін мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

– Ардақты аналар, аяулы арулар, қадірлі қонақтар, сіздерді табиғат-ана жаңарып, жасарып, мейірім-шуағын молайтып, дүниені түрлі-түске бояйтын гүл-көктемнің әсем мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен сыр елінің барша ер-азаматтары атынан шын жүректен құттықтаймын.

Қадірлі қауым, халқымызда «Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» деген даналық сөз бар. Ана, ол – тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі. Бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Расында, адамзат баласы үшін анадан құдіретті, анадан ардақты, анадан аяулы ешкім жоқ.

Тарихқа көз жүгіртсек, қаны асыл, жаны текті асыл аналарымыздың берекелі ізі, айшықты жүзі мен ғибратты тәлімінен өнеге аламыз. Алты Алашқа танымал Тұмар ханшайым, даналықтың символы Бегім ана, Домалақ ана, сұлулықтың символы Қыз Жібек пен Баян сұлу, кешегі заманның батырлары Әлия мен Мәншүк, Хиуаз, бұлбұл әнші Роза мен Бибігүл апаларымыз – осы сөзіміздің дәлелі. Сыр өңірінде де ақыл мен парасаттың, әдеп пен ибаның, әдемілік пен әділдіктің, ел-халықтың ұйытқысы болған талай ардақты аналарымыздың өнегелі өмірі, сырлы шежіресі елдің жадында сақталған. Даңқы жер жарған, ел несібесін молайтқан Социалистік Еңбек ерлері Сәлима Жұмабекова, Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева, Зәкира Ержанова, Қазына Жүсіпова, Жадыра Таспамбетова, Балдырған Мұстафаева сынды ел аналарының ерен еңбегі –  бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, – деді аймақ басшысы.

Қызылорда облысы – «Үздік мәдени өңір»

Облыс әкімі сөзін қорытындылай келе, Тәуелсіз Қазақстанның толайым табыстары мен Сыр өңірінің бүгінгі қол жеткен жетістіктерінің барлығында әйелдер қауымының өзіндік қолтаңбасы бар екенін атап өтті. Айта кетейік, аймағымызда мемлекеттік қызметшілердің саны 3233 адам болса, оның 1493-і, яғни, 46,2 пайызы – әйелдер. Сондай-ақ 36 мыңнан астам көпбалалы аналардың 17 мыңнан астамы – алтын және күміс алқалы Батыр аналар.

Мерекелік салтанатта елімізге белгілі композитор, «Құрмет» орденінің, «Шапағат» медалінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда қаласы мен Сырдария ауданының Құрметті азаматы, барша аяулы жандардың гимніне айналған «Қазақ қызы» әнінің авторы Рамазан Тайманов «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атанды. Сонымен қатар, Сыр өңірінің руханияты мен өнерінің дамуында зор еңбегі бар Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық- музыкалық драма театрының артисі, Мәдениет қайраткері, түрлі жанрдағы спектакльдердің басты рольдерінде әйел бейнесін үздік сомдаған Алмагүл Артықбаева, дәстүрлі әнші, Нартай ән мектебінің өкілі, Мәдениет саласының үздігі, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Ақмарал Ноғайбаева, облыстық филармония басшысының орынбасары, Мәдениет саласының үздігі Әзиза Іздіқұлова облыстың ең жоғары наградасы – Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының бас хатшысы, Сұлтан Раев құттықтау сөзінде қазақ өнері мен мәдениетінің, тарихы мен дәстүрінің терең насихатталуына, жалпы түбі бір түркі руханиятының дамуына сүбелі үлес қосып отырған Сыр елінің халқына ыстық ықыласын білдірді. Сөзінің барысында аймақтың аяулы аналары мен ардақты аруларын мерекемен құттықтап, маңызы зор мәдени, рухани бастамалардың одан әрі жалғасын табатынына сенім артты. Сыр елі халқына деген құрметін жерлесіміз, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Елена Әбдіхалықованың «Мен – Сырдариямын!» өлеңімен жеткізді.

Салтанатты кеште бас хатшы Сұлтан Раев Сыр еліне Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының атынан «үздік мәдени өңір» номинациясын табыс етті. Әлбетте, бұл мәртебелі жүлде аймағымыздың абыройын асқақтата түсері хақ.

Мерекелік концертте ақын Ұ.Есдәулеттің сөзіне жазылған И.Крутойдың «Ақ бесік» әнін «Құрмет» орденінің иегері Самал Байсейітова және қыз балалар хоры, ҚР Мәдениет қайраткері С.Әліштің «Дала үні» поэмасын Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі орындады. Дирижері Руслан Балмасов.

Кеш қонағы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов,  Сымбат Тасбергенова, Гүлназ Нағашыбай, Аружан Қойшығара, Мақсат Мақұлбеков, Ақылбек Табынбаев, Мағжан Аманжолов, Біржан Серіков сынды танымал әншілер симфония оркестрінің сүйемелдеуімен әлемдік классика жауһарларын орындады. Дирижері ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе. Сонымен қатар Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі (дирижері Руслан Балмасов) мен симфония оркестрі (дирижері  Мүсілім Әмзе) А.Жұбановтың «Қазақ биі», Ж.Бизенің «Кармен» операсынан увертюра, Л.Андерсонның «Фиддл-фаддл», А.Жайымовтың «Тайшық хан» шығармалары, симфония оркестрі И.Штраустың «Радецкий маршын» орындады. Оркестрлер айтысы көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлады.

Еңбек сіңірген қайраткері Мадина Сәдуақасова туған жерінің халқына жүрекжарды тілегін арнап, аналар қауымына ән сәлемін жолдады. Сондай-ақ, әнші жігіттер тобы көктем, махаббат, ана туралы әндер орындап, сол сәтте көрермен залындағы аналарға гүл шоқтары ұсынылды. Қ.Ақдәулетова атындағы балалар студиясының өнерпаздары және «Сыр гүлдері» би ансамблі өнер көрсетті.

Мерекелік концерт Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Р.Таймановтың «Сыр ана» әнімен қорытындыланды.

Концерт соңында Сыр халқына, өнер өкілдеріне, аяулы аналарға арналған облыс әкімі Н.Нәлібаевтың, ҚР мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваның, «ТҮРКСОЙ» ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раевтың ықылас гүлі ұсынылды.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<