Қызылорда облысында наурыз айында 331 адам қызылша жұқтырды

2900

0

Фото: Астана әкімдігі

Қызылорда облысында наурыз айында 331 адам қызылша жұқтырды. Бұл ауру бойынша төмендеу тенденциясы байқалып отыр.

Қызылорда облысында қызылша ауруының эпидемиологиялық ахуалы тұрақтанып келеді. Биыл қаңтар айында ол 366 адамнан ауру анықталса, ақпанда ол 347 деректі құрады. Ал наурызда аталған көрсеткіш 331 адамға түсті.

«Бұл жөнінен төмендеу тенденциясы байқалып отыр. Оны қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау науқанының тиімділігінен аңғару қиын емес. Өткен жылдың 6 қарашасынан облыста жаппай иммундау науқаны жүргізілді. Қазірге дейін 71233 адам ауруға қарсы екпе алып, ұжымдық иммунитет қалыптасты. Эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандырып, вирус айналымын әлсірету үшін әлі де тиісті контингент екпемен қамтылуы тиіс. Қазір облыстағы барлық емханада қызылшаға қарсы қосымша иммундау жалғасып жатыр. Екпе қоры жеткілікті, вакцинадан кейінгі асқыну жағдайлары болған жоқ», – деді Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Динара Жаңабергенова.

Департамент мамандары ата-аналарды 6-11 айлық сәбиін, 2-5 жас аралығындағы балаларын ауруға қарсы егуге шақырады. Бұдан бөлек, Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес әрбір бала 12-15 айлығында және 6 жасында қызылша, қызамық пен паротитке қарсы вакцина алуы қажет екенін айтады.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында Конго-қырым қанды безгегіне қауіпті 115 елді мекен анықталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<