Қызылорда облысында скарлатина аурушаңдығы төмендеді

347

0

Фото: Обл.СЭС

Қызылорда облысы бойынша 2024 жылдың  4 айында скарлатина ауруының 60 жағдайы тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ауру деңгейі 26 жағдайға төмендеді. Басым көпшілігі облыс орталығының үлесінде – 57 жағдай және көбінесе 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталды.

Скарлатина- ауа-тамшылы жолмен берілетін инфекциялық ауру. Аурудың қоздырғышы «А» тобындағы стрептококк болып табылады, ағзаның улануымен, жедел тонзиллитпен және ерекше бөртпелермен сипатталады, негізінен балалар арасында жиі тіркеледі.

Аурудың көзі – скарлатинамен   сырқаттанған науқастар және стрептококк инфекцияларын тасымалдаушылар. Ауру бірден қатты басталады, қалтырау, ден  температураның күрт жоғарылауы байқалады, жүрек айну, бас ауруы, бұлшықеттің ауырсынуы, әлсіздік болады.  Аурудың 1-2-ші тәулігінде баланың кеудесіне  тұтас, ұсақ бөрткен қаптап  шығады. Бөртпенің ұзақтығы 2-4 күн, аурудың жеңіл ағымында бөртпелер тез жойылады, ал ауыр жағдайларда 1 аптаға дейін сақталады. Скарлатина ауруының  іріңді және аллергиялық  асқынулары  болуы мүмкін.  Науқасты емдеу әдетте амбулаторлы жағдайда жүргізіледі, алайда ауыр ағымда немесе эпидемиологиялық көрсеткіштеріне байланысты ауруханаға жатқызылуы мүмкін.

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аурудың алдын алу бойынша келесі сақтық шараларын ұсынады:

  • Жеке бас гигиенасын ұстану, көшеден келгеннен кейін, ас ішу алдында қолды сабындап жуу, антисептектерді пайдалану;
  • Адам көп жиналатын орындарға баруды мейлінше шектеу, бара қалған жағдайда әлеуметтік арақашықтықты сақтауға тырысу керек;
  • Салауатты өмір салтын сақтап, ағзаны шынықтыру.
  • Аурудың белгілері байқалған кезде өз бетімен емдеумен айналыспай, медициналық көмекке жүгіну қажет. 
  •  

Динара Жанабергенова,

Қызылорда облысының

санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаменті басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<