Қызылорда облысының бас полицейі аудан тұрғындарын қабылдады

705

0

Қызылорда облысының бас полицейі Сырдария және Шиелі аудандарының тұрғындарын қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Облыс әкімі аудандарды аралап, құқық қорғау органдары басшыларымен бірлесе жеке қабылдау жүргізіп жатыр. Кезекті жеке қабылдау Сырдария және Шиелі аудандарында өтті.

Сырдария ауданына жұмыс сапары барысында Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимов Қалжан ахун ауылына барып, әлеуметтік жағдайды жақсартып, халықтың тұрмыс сапасын арттыратын көгілдір отынға қосу рәсіміне қатысты.

Жұмыс сапары тұрғындарды жеке қабылдаумен қорытындыланды. Полиция департаменті бастығының жеке қабылдауына 10 тұрғын жазылды. Кейбір азаматтардың мәселелері сол мезетте шешіліп жатса, тағы бірі арыз жазып, өтінім хат қалдырды.

Шешімі уақытты қажет ететіндерін бақылауға алып, ал орындалуы заңға қайшы талап иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мәселен, Сырдария ауданының тұрғыны Самара – Шымкент тас жолының Шаған ауылының жол қиылысына бағдаршам орнату немес жылдамдық шектейтін жол белгісін қойдыру мәселесін көтерді.

Жеке қабылдау Шиелі ауданында жалғасты. Қабылдау барысында ауыл тұрғындарының өздерін мазалаған мәселелері бойынша сауалдары және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатындағы ұсыныстары ескерілді.

Сырдария және Шиелі аудандарындағы жеке қабылдауға түрлі түйіткілдерімен жалпы 13 тұрғын жазылды.

Департамент бастығы көтерілген мәселелер заң тәртібімен және кезең-кезеңімен шешілетініне ден қойып, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Полиция құзыретіне қатысы жоқ сұрақтармен келген тұрғындарға заңгерлік кеңес берілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<