Қызылорда: Шырайлы шаһардың шынайы келбеті

616

0

Сейсенбі күні облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен республикалық және өңірлік БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Онда журналистер облыс орталығындағы әлеуметтік нысандарды аралап, аймақтың тыныс-тіршілігімен танысты.

Сыр өңірі – түркі дүниесінің «Ең үздік мәдени аймағы»

Облыс орталығындағы еңселі рухани орда – «Өнер орталығы» наурыз айында пайдалануға берілген болатын. Мың адамдық көрермен залы бар нысан заманауи үлгіде салынған.

Баспасөз туры аясында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Жомартқызы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

– «Өнер орталығында» 9 өнер ұжымы орналасқан. Мемлекет басшысының «Адал адам» тұжырымдамасына сәйкес, аймағымызда 171 мәдениет үйі мен клубтарда 7 бағыт бойынша «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы» жобасы іске асырылуда. Археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы» реконструкциялары және «Түгіскен көсемі» мен «Жетіасар ақсүйек әйелі» мүсіндері жасалып, облыстық музей қорына табысталды. Халықаралық Түрксой ұйымының шешімімен Сыр өңіріне түркі дүниесінің «Ең үздік мәдени аймағы» номинациясы табысталды.

Көрерменге кәсіби әрі жанды дауыста өнер көрсету үшін 50 өнерпаздан жасақталған симфония оркестрі құрылған. Өткен жылы Астана қаласының 25 жылдығына орай елордада Қызылорда облысының өнер күндері ұйымдастырылса, биыл Алматы қаласының туған күніне орай «Сұлу Сырдан – ару Алматыға» атты кеш өткізілді. Бұл жоба келер жылы да жалғасын табатын болады, – деді басқарма басшысы.

«Жан-Арайдағы» жүйелі жұмыс

Келесі нысан – «Жан-Арай» ЖШС агро-индустриалды кешені. Мұнда күріш өндірісі, күріш жармасын халықаралық стандарттар бойынша өңдеу, құрама жем өндірумен айналысу жүйелі жолға қойылған.

– Бұл жерде 500 тоннаға жуық өнім сақталған. Барлық тауар тікелей өндірушіден делдалсыз сатып алынады. Бүгінде тұрақтандыру қорында 40 тонна күнбағыс майы, 100 тонна ұн, 100 тонна қант және макарон өнімдері сақтаулы. Сондай-ақ 500 тонна күріш және ас тұзы бар. Бұған қосымша қойма қорында көкөніс түрлері жинақталған. Ауа температурасы -5 пен +5 аралығында. Барлық тағам түрлері жергілікті жұртшылыққа өз бағасында ұсынылып келеді. Бұл өңіріміздегі баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге өз септігін тигізбек, – дейді тұрақтандыру қорының басқарма басшысы Мейрамбек Кеңесұлы.

Айта кетейік, зауыт 2015 жылы іске қосылған. Мұнда 200-ге жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған. Кәсіпорында құрама жем өндіру зауыты жұмыс жасайды. Зауыт тәулігіне 80 тонна жем өндіреді. Күріш өңдеу зауытының қуаттылығы тәулігіне 150 тонна. Қоймада 1500 тоннаға дейін жеміс сақтауға болады.

«Анаға тағзым» – ұлтқа құрмет

Қызылордадағы «Анаға тағзым» орталығы – аймақ басшысының бастамасымен салынған әлеуметтік нысан. Жеке инвестордың қаржыландыруымен бой көтерген.

Бүгінде орталық жұмысына Алтынай Бекмағанбетқызы басшылық етеді. Мәдени нысанда 30-ға жуық қызметкер жұмыспен қамтылған.

– Орталықта көптеген танымдық-тәрбиелік маңызы зор басқосулар өткізіліп отырады. Мұның түпкі мақсаты – аналарымыздың киелі жолын дәріптеу арқылы жас ұрпақты рухани адамгершілікке тәрбиелеу. Отбасылық құндылықтарды нығайтып, қазақ әйелінің рухани келбетін қалыптастыруға бағытталады. Мәселен орталықта «Анама хат» жәшігі орналастырылған. Сол арқылы бойжеткендер ішкі нәзік те сыршыл дүниелерін бөлісіп, ақыл-кеңес айтып отырамыз. Халқымыздың өткені мен бүгінін сабақтастыратын мәдени нысан ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертеді, – дейді орталық басшысы өз сөзінде.

Жылу-электр орталығы бірегей жоба

Одан соң журналистер аймақтағы маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі саналатын жылу-электр орталығы құрылысымен танысты.

Құрылыс барысы туралы «Акса Энерджи» компаниясының мемлекеттік мекемелермен қарым-қатынас жөніндегі директорының орынбасары Думан Аманбай кеңінен айтып берді.

– Мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алып, қазір құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Осы жылдың соңына дейін негізгі құрылғылар толығымен келеді. Нысан іске қосылған сәтте оңтүстік өңірлерде электр энергиясы тапшылығы мәселесі оң шешімін таппақ. Орталық 240 МВт электр қуатын және 277 гкал жылу қуатын береді. Екі ауысымды жұмыс жасалуда. Алдағы уақытта жұмысшы саны 1200 адамға дейін артуы ықтимал. Құрылыс алаңында жүргендердің дені – қазақстандық азаматтар, – дейді директордың орынбасары.

Айта кету керек, еліміз тәуелсіздік алғалы жылу-электр өндіретін алғашқы ірі нысан біздің аймақта салынуда. Бұл – Сыр елінің инфрақұрылымдық дамуына жасалған айрықша мүмкіндік. Жаңа жылу-электр станциясы – тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынатын ең ауқымды, теңдессіз жобаның бірі.

Жасанған орталық алаң

Баспасөз туры одан әрі орталық алаңда жалғасты. Қала тұрғындары мен қонақтардың демалыс орнына айналған орталық алаң бүгінде жаңа кейіпке енген.

Алаңға субұрқақтар орнатылып, жарық диодты шамдар қойылып, газон төселіп, көпжылдық жасыл көшеттер отырғызылды. Сонымен қатар, шағын архитектуралық пішімдемелер де алаңға айрықша әр беріп тұр. Жаңа үлгідегі 70-ке жуық орындық қойылып, тұрғындардың демалуына барынша жағдай жасалған. Заманауи үлгідегі балалар ойын алаңы да орналастырылған. Абаттандырылған алаң қала келбетіне ерекше көрік беруде.

Жаңа автовокзал жұмысы

Өңір тұрғындарына сапалы қызмет көрсету үшін жаңа автовокзал ғимараты пайдалануға берілді. Сырдарияның сол жағалауынан салынған сапаржай «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық күрежолына жақын орналасқандықтан автобустар қала ішіне кірмейді. Мұнда медициналық-санитарлық көмек көрсету, диспетчерлік бекет және жүк сақтау камералары бар. Сонымен бірге ана мен бала, жүргізушілердің демалыс бөлмесі қарастырылған.

Жаңа автовокзал арқылы жолға шыққан жолаушы Арман Құлдияровтың сөзінше, ғимарат жанға жайлы, қызмет көрсету сапасы өте жоғары.

– Жосалыға жол жүргелі отырмын. Жаңа ғана асханадан ауқаттанып алдым. Күту залы, қызмет сапасы көңіліме ұнады. Кейінгі кезде Қызылорда көз ілеспес қарқынмен дамып келеді. Бұл басшылықтың іскерлігінің арқасы деп білемін, – деді ол жылы лебізін білдіріп.

«Оқушылар сарайы» – өрендерге мол мүмкіндік

«Оқушылар сарайы» өскелең ұрпақ игілігі жолында жемісті жұмыс атқаруда. Жас талапкерлер таным көкжиегін кеңейте түсіп, жарқын болашақ жолында білімін шыңдап келеді.

– Заманауи, көпфункционалды кешен ішінде техноорталық, бағдарламалау, робототехника және өнеркәсіптік дизайн сыныптары ашылған. Сонымен қатар экологиялық зертхана, жылыжай, телестудия, вокал, музыкалық аспаптар және хореография кабинеттері бар. Бүгінде 213 бала қамтылып, уақытын тиімді өткізуде. Жалпы 35 маман қызмет көрсетіп отыр. Балалардың түрлі үйірмелерге қатысып, шығармашылық әлеуетін арттыруына мүмкіндік мол. Негізгі мақсатымыз – бала болашағына кәсіби бағдар беру, болашаққа деген қадамын айқындау, – дейді «Оқушылар сарайы» директорының міндетін атқарушы Гауһар Құдайбергенова.

Үстел теннисіне қызығушылар көбейіп келеді

Үстел теннисі – әлемдік деңгейдегі спорт түрі. Бұл адамзаттың ойлау қабілетін арттырып, қимыл-қозғалыс жүйесінің дұрыс жұмыс жасауын жақсартады. Ептілік пен шапшаңдықты қажет ететін ойын. Осы спорт түрі Сыр өңірінде де қарқынды дамып келеді. Сол жағалауда ашылған теннис орталығына келушілер қатары қалың.

– Мұнда халықаралық стандартқа сай 16 үстел теннисі бар. Көрермендерге арналған 350 орындық трибуна және жаттығу залы орналасқан. Жалпы аумағы 3652 шаршы метр жаңа ғимарат күніне 150 адамды қабылдауға қауқарлы. Бұл өңірімізде бұқаралық спортты дамытуға мол мүмкіндік бермек. Бір мезетте 32 спортшыны қабылдай алады, 3 жаттықтырушы жұмыс жасайды. Қазір бізде кіші жасөспірімдер чемпионатының күміс жүлдегері бар. Алдағы уақытта жарыстар мен оқу- жаттығу жиындары өткізілмек, – дейді директордың міндетін атқарушы Жәнібек Мейрамбекұлы.

Сонымен қатар аймағымызда «Инновациялық-шығармашылық орталығы», физика-математика мектеп-интернаты, «Орталық стадион» құрылысы жүргізілуде, 900 оқушыға арналған «Жайлы мектеп», «Қан орталығы» өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға зор септігін тигізе бастады. Бұл жобалар облыстың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына айрықша әсер етуде.

Одан әрі баспасөз турына қатысушы журналистер «Қорқыт ата әуежайының» жаңа терминалы жұмысымен танысты. Бұл жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде іске асырылған. Ол өңірдің сауда-экономикалық, туристік әлеуетін дамытуға және халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Мамандардың айтуынша, жаңа терминалды іске қосу әуе айлағының өткізу мүмкіндігін арттырады. Терминал Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) жоғары стандарттарына сәйкес келеді. Жалпы аумағы 7500 шаршы метр, телескопиялық баспалдақтар, қол жүгін тексерудің автоматтандырылған жүйесі және өзге де озық технологиялар бар.

«Қорқыт ата әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Баян Ажмолдаев өңірде жыл сайын жолаушылар ағыны өсіп келе жатқанын атап өтті. Терминал уақытылы іске қосылды. Биылғы 9 айда әуежайда 265 мың жолаушыға қызмет көрсетілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға артып отыр. Аптасына 26 ішкі рейс, оның 17-сі Астанаға бағыт алса, 9-ы Алматыға жоспарланған. Сондай-ақ биыл маусым айында Түркияның Анталия қаласына халықаралық чартерлік рейс іске қосылды. Алдағы уақытта Ақтау және Атырау, Көкшетау, Ақтөбе, Қарағанды қалаларына әлеуметтік маңызы бар рейстер ашу ойластырылуда.

Келесі кезекте журналистер Сырдария ауданына қарасты «Бесарық» ауылында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің арқасында жүзеге асқан жобамен танысты. «Абай Дәулет» ЖШС құрған өндірістік алаңда 318,2 млн теңгеге ауыл тұрғындарының 13 бизнес-бастамасы іске асырылуда. Серіктестік директоры Мұрат Сәрсенбаевтың айтуынша, мұнда жартылай фабрикат, пластикалық ыдыстар, ағаштан жасалған бұйымдар, тоқыма, кондитерлік өнімдер, сабын және басқа да өнімдер өндіретін цехтар ашылды.

 «Kaz Fries» зауытында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында оң істер бар. Кәсіпорынның қуаты сағатына 150 келіге дейін қуырылған картоп таяқшаларын өндіруге жетеді. Дайын өнім мұздатылып, ішкі нарықта сатылады.

Серіктестіктің ауыл дамуына үлкен үлес қосып келе жатқанын атап өткен жөн. 2018 жылдан бері компания бұл мақсаттарға 1,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Қаражат 360 орындық мектеп, 120 орындық балабақша және дәрігерлік амбулатория сияқты әлеуметтік нысандарды абаттандыруға, көгалдандыруға, жөндеуге бағытталған. Демеушілік қолдау есебінен осы жылы 150 адамға арналған Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті.

Тұран төріндегі Қызылорда – екі ғасырлық тарихымен, руханиятымен, мәдениетімен ерекшеленеді. Облыс орталығы әсіресе соңғы жылдары заманауи кейіпке еніп, жаңадан бой көтеріп жатқан ғимараттар қала келбетіне ерекше көрік қосуда. Оған біз баспасөз турында тағы бір көз жеткіздік. 

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<