«Қызылорда-Жезқазған» тас жолын жөндеу жұмыстары басталды

1248

0

Қызылорда-Жезқазған тас жолын жөндеу жұмыстары басталды. Республикалық маңызы бар А-17 «Қызылорда-Павлодар-Успенка-РФ шекарасы» автомобиль жолының «Қызылорда-Жезқазған» тас жолын 12-216 шақырымдар аралығы яғни ұзыңдығы 204 шақырымды қайта жаңарту жұмыстары бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалды.

Жобалық-сметалық құжаттамалар мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Қазіргі таңда мердігер мекемені анықтау үшін тендерлік рәсімдеме жүргізілуде. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰҚ акционерлік қоғамының Қызылорда облыстық филиалының директорының міндетін атқарушы Шанжархан Мырзабай мәлімдеді.

Мердігер мекеме анықталғаннан кейін құрылыс-монтаж жұмыстары осы жылы басталады деп жоспарланып отыр.

«Бұл жолдың 25+374 шақырымынан бастап М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 1827+427 шақырымына дейін Қызылорда қаласын айналып өтеді. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізіне қосылып, одан әрі көліктер Шымкент және Самараға қарай бағытқа жүре алады. Жобада ені 7 метр болатын III техникалық санаттағы автомобиль жолын ені 9 метр болатын II техникалық санаттағы жолға ауыстыру қаралған. Сонымен қатар, толығымен жарықтандырылған Қызылорда қаласының айналма жолын салу, 2 жол айрығы (транспортная развязка), 2 ауыл шаруашылық техника мен үй жануарларына арналған жол өткелі, су арналарынан өтетін 3 көпір, 2 көп функционалды аралық бақылау (салмақ, габарит, жылдамдық) өлшейтін арка, заманауи жылы 5 дәретхана, 6 демалыс алаңы, 56 су өткізгіш құбыр, 10 мал өткелі, 117 жолдың қиылысы және түйісуі қарастырылған», – деді Ш.Мырзабай.

Жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 3 жылда аяқталады деп жоспарлануда. Шамамен 2,5 мың адамға арналған жұмыс орны ашылмақ.

Оның 70 пайызы яғни 1750 жергілікті тұрғын. Жобаның сметалық құны 106,6 млрд. теңгені құрайды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<