«Қызылорда-Жезқазған» жолы – аймақтарды байланыстыратын күретамыр

761

0

Жарты ғасыр бойы жөндеу көрмеген республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» тас жолының Қызылорда облысындағы бөлігі жыл соңына дейін ашылады. Облыс шекарасынан бастап Қызылорда бағытына қарай 90 шақырым аралық пайдалануға беріліп, оған қоса 50 шақырым жолда ішінара қозғалыс ұйымдастырылады. Сыр өңірі үшін маңызды жобалардың бірі бойынша «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Көлік министрлігінің бастамасымен масс-медиа өкілдеріне арнап «Сапа керуені» атты баспасөз турын ұйымдастырды. Баспасөз туры аясында журналистер жаңартылған жолдың жайымен танысты.

Қызылорда облысы аумағындағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 3580,5 шақырым. Оның 1014,5 шақырымы – республикалық, 555 шақырымы – облыстық, 2011 шақырымы – аудандық маңызы бар жолдар. Қызылорда мен Жезқазған аралығында 424 шақырым жолдың 204 шақырымы Сыр өңірінің аумағына тиесілі. Соның ең маңызды бөліктерінің бірі – «Қызылорда-Павлодар-Успенка-РФ» автожолы Қазақстанның оңтүстігі мен солтүстігін жалғап жатыр. Бұл жол аймақтың дамуы үшін айрықша маңызға ие. Еліміз бен өңір экономикасына жан-жақты ықпал етіп, жаңа жұмыс орындарын құруға, мәдени мұраларды сақтап, туризмді түлетуге мүмкіндік береді.

Жолаушыларды шаршатқан жол жайы 2022 жылдың жаз мезгілінен бастап түбегейлі өзгеріп, өңі кіре бастады. Жалпы жоспарға сәйкес 140 шақырым асфальт жабынымен қозғалыс үшін беріледі. Қазіргі уақытта 3 учаскеде соңғы жабын – асфальт төсеу жұмыстары аяқталуға жақын. Жол таңбаларын сызу, белгілер орнату және жиегін нығайту жұмыстары жүріп жатыр.

«Қызылорда-Жезқазған» жолын жаңғырту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауындағы ірі жобалардың бірі. Халық ұзақ жыл бойы мәселе етіп көтеріп келгендіктен, асыға күткендіктен жолдың сапалы салынуы, мерзімінде аяқталуы өте маңызды.

– Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында жол салу және жөндеу бойынша ауқымды жұмыстарды бастауды тапсырдым. Ол кемінде 12 мың шақырым автожолды қамтиды. Автокөлік жолдары – елдің экономикалық және әлеуметтік тыныс-тіршілігінің күретамыры. Негізгі қалаларымыз бен аймақтарымыздың арасын сапалы жолдармен жалғау маңызды. Тағы да қайталап айтамын, сапалы жолдармен, – деп атап өткен болатын Президент биыл ғалымдармен кездесуде.

Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің ғылым және жұмыс сапасы басқармасының басшысы Нұртілек Хасеновтің сөзіне сүйенсек, ұзындығы 200 шақырымдай жол толықтай реконструкциядан өтіп жатыр.

– Қызылорда облысы бойынша жобаның аяқталу мерзімі 2026 жылға жоспарланған. Мердігер компаниялар жолды абаттандыру, асфальт төсеу сияқты жұмыстар жүргізуде. Құрылысқа 700-ден астам адам, 400-ге жуық техника жұмылдырылған. Жобаның Ұлытау жағындағы 208 шақырымын реконструкциялау келесі жылы басталады. Мердігер мекемелер анықталып, жол 8 учаскеге бөлініп, дайындықты бастап кетті. Ұзындығы 400 шақырым болатын жолды салып бітіру мерзімі 2027 жыл деп көрсетілген, – деді министрлік өкілі.

Нұртілек Хасеновтің айтуынша, жолдың сапасы басты назарда. Ол алдымен, мердігер мекемелердің зертханасында тексеріледі. Сонымен қатар халықаралық қаржы институттарының талаптарына сәйкес халықаралық инженерлердің, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының қатаң бақылауында.

Баспасөз турында «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК бас директоры Болатбек Айтбаев инспекциялық шолу барысы туралы айтып берді.

– Шолу кезінде 200-ден астам кемшілік және талапты бұзу дерегі анықталды. 4,2 мың сынама зерттеуге алынып, нәтижесінде жолдың 20 пайызы талапқа сай келмейтініне көз жеткіздік. Кемшіліктерді мердігер өз қаржысы есебінен қайтадан қалпына келтірді. Салынған үш учаскедегі жолдың тегістігіне келсек, зерттеу қорытындысымен 96-98 балл жүйесімен бағаланып, нормативтік талаптарға сай келетінін көрсетіп отыр. Бұл – өте жақсы деген көрсеткіш, – деді орталық директоры.

Қызылорда облысы бөлігінде 5 мердігер мекеменің жұмысшылары күннің ыстық-суығына қарамай тер төгіп жүр.

– Негізгі құрылыс жұмысы, яғни үш қабатты бөлігі салынып болып қалды. Енді үстіне қиыршық тасты-мастикалық полимер асфальт-бетон қоспасын төсеу қалып тұр. Келісім-шарт талаптарына сәйкес бес жыл кепілдеме мерзімі белгіленген. Осы уақыт ішінде қандай да бір ақау табылса, мердігер оны өз қаражаты есебінен жояды, – деді Нұртілек Хасенов.

Жол сапасын бақылауға алғандар қатарында шетелдік мамандар да бар. Оңтүстіккореялық компания өкілі Пак Чжан Жоң сапа мәселесінде халықаралық талаптар ескерілгенін, оған кепілдік бере алатынын жеткізді.

Мердігерлердің басым бөлігі – Қытай компаниялары. Соның бірі – «Лунцзянь» жолдар мен көпірлердің құрылысы бойынша жауапкершілігі шектеулі АҚ-ның Қазақстандағы филиалы. Филиал өкілі Маржан Қамарованың сөзіне қарағанда, компанияда 160 шақты адам жұмыс істеп жатыр. Оның 25-і – Қытай азаматы, қалғаны – қазақстандықтар. 80-85 пайызы – жергілікті азаматтар, яғни Қызылорда қаласынан.

«Қыран» ЖШС – жол құрылысы саласында тәжірибесі жеткілікті, бес мердігердің ішіндегі жалғыз қазақстандық әрі жергілікті компания. Отандық кәсіпорын алғашқылардың бірі болып жұмысын аяқтағанын ерекше атап өткен жөн. Мұның өзі қазақстандық компаниялардың ауқымды жобаларға қатысып қана қоймай, халықаралық талаптарға сай жол салуға қауқарлы екенін көрсетіп отыр. Себебі Еуропалық даму және қайта құру банкі арқылы қаржыландырылған жобада мердігерлерге өте жоғары талап қойылған.

– Бізге тиесілі жол ұзындығы – 29 шақырым. 2022 жылы сәуір айында жұмыс басталды. Қазіргі күні үш қабатты асфальт толық төселді. Жол белгілерін қою, жолақтар сызу, жарықшамдар орнату жұмыстары аяқталды. Жолаушыларға арналған демалыс аймағы салынып жатыр. Жыл аяғына дейін толығымен пайдалануға береміз. Осы жұмысты атқаруға 150-ден астам жұмысшы, 90 техника тартылды, – деді «Қыран» ЖШС жоба жетекшісі Есентай Өмірзақов.

«Қазавтожол» ҰК Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Ерсайын Мұзафар жол салу барысында 6 асфальт зауыты құрылғанын, 165 шақырымға айналма жол салынғанын атап өтті.

– Көлік министрлігінің тапсырмасына және бекітілген кестеге сәйкес 140 шақырым жол құрылысы жоспарланған. Соның 90 шақырымы биыл пайдалануға беріліп, онда көлік қозғалысын толық ұйымдастырамыз. Қалған 50 шақырымын келесі жылдың аяғына дейін бітіреміз, – деді ол.

Қызылорда қаласының тұрғыны Серік Райымбеков бұл аралықпен жиі қатынайды. Жолдың ой-шұңқыры өзге көлік жүргізушілері мен жолаушылар сияқты оны да әбден шаршатқан.

– Жол құрылысы толығымен бітсе, шығын біраз азаяр еді. Уақыт та үнемделеді. Жолдың аяқталған бөлігіне көңіліміз толады. Сапасы жақсы, ризамыз, – деді ол.

Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы Нұртілек Хасенов жол салудың өзіне тән қиындықтары барына, бірақ ол ескерілмей, көбіне сыни пікірлер жиі айтылатынына тоқталды.

– Біздің саладағы үлкен проблема – кадр тапшылығы. Сегіз жыл жабылып қалып, былтыр қайтадан ашылған жол құрылысы маманын еліміздегі 8 жоғары оқу орны дайындайды. Осы мамандыққа 800 мемлекеттік білім гранты бөлінгенмен, небәрі 40 студент қана құжат тапсырды. Бұл – төрт жылдан кейін 40 инженер ғана диплом алып шығады деген сөз. Біз қанша жерден жол салып, бітірсек те оны мамансыз күтіп-ұстау мүмкін емес. Жастарды салаға тарту қиын болғандықтан, шетелден адам алдыруға мәжбүрміз. Жолшылардың жалақысы жоғары. Бірақ негатив пікір көп болғандықтан, ешкім келгісі келмейді, – деді министрлік өкілі.

«Сапа керуені» баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері жаңа жолмен жүріп, Қызылорда облысының шекарасына дейінгі атқарылған жұмыстарды көрді. Жұмысшылардың тыныс-тіршілігімен танысып, қызу тірлікке куә болды. Жалпы жыл аяғына дейін «Қызылорда-Жезқазған» автожолының 140 шақырымында көліктер қозғалысына жол ашылады деп күтіліп отыр. Айналасында демалыс алаңдары, санитарлық-гигиеналық тораптар, қоғамдық тамақтану орындары, жанар-жағармай құю станциялары салынады. Жол ашылған соң онымен күн сайын жүретін көлік саны 4 мыңнан кем болмайды деген болжам бар.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<