Қызылорда жиһаз фабрикасы

618

0

Қызылорда облыстық өнеркәсіп кеңесі басқармасының 1960 жылғы 11 шілдедегі №194 қаулысымен «Дальневосточник» артелі Қызылорда жергілікті өнеркәсібінің Жиһаз фабрикасы деп аталды. Зауыт жұмсақ және шкаф жиһаздарын шығарды. 1961 жылы диван цехында ай сайын 40-50 диван жасалды.

1967 жылы фабрикада 95 адам жұмыс жасады. 1972 жылы негізінен киім-кешекке арналған шкафтар, диван-керуеттер, ас үйлік буфеттер, ағаш кереуеттер шығарды. 

1976 жылы 19 шілдеде Қызылорда жиһаз фабрикасы Қазақ КСР Министрлер кеңесінің өкіміне сәйкес Қазақ КСР Орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі министрлігінің қарамағына берілді.

1977 жылы жиһаз фабрикасында 3 бригада болды: диван жасаушылар, корпустық жиһаз жинаушылар, дайындау цехының станокшылары. Сол жылы 8000 ұлттық үлгідегі сандық, 1520 диван шығарылып, олардың барлығы сұранысқа сай сатылды.

1981 жылы жиһаз фабрикасында халық тұтынатын тауарлар: үстел, орындық, диван, ұлттық үлгідегі сандықтар  шығарылды.

1988 жылы Қазақ КСР Орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі министрлігінің таратылуына байланысты Қызылорда жиһаз фабрикасы «Казмебельлеспром» Жиһаз және орман өнеркәсібі аумақтық ғылыми-өндірістік бірлестігінің қарамағына берілді. 1991 жылы фабрикада 260 адам жұмыс істеді.

Қызылорда облысы әкімінің 1992 жылғы 23 желтоқсандағы қаулысымен Қызылорда жиһаз фабрикасы «Сыр жиһазы» акционерлік қоғамы  болып қайта құрылды.

«Сыр жиһазының» негізгі қызметі – жиһаз өнімдерін өндіру. Ағаш ұсталары, жиһаз құрастырушы, ағаш жонушы, дизайнер мамандардан құралған кәсіпорында жиһаз, ағаш, металопластикалық өнімдер шығаратын цехтар бар, 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Облыстық архив құжаттарынан

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<