Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуінде жылу беру маусымына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады
Әкімнің айтуынша, аймақта алдағы жылу беру маусымында 1185 әлеуметтік сала нысандарына 39,5 мың тонна қатты және 26 мың тонна сұйық отын, ал жергілікті тұрғындарға 163,6 мың тонна көмір қажет.
«Қала және аудан тұрғындары үшін көмір бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында көмір өндіретін кәсіпорындармен тікелей келісімшарт жасалуда. Қазіргі кезде коммуналдық кәсіпорындардың жөндеу жұмыстары 66%-ға, әлеуметтік сала нысандары 81%-ға дайын. Сондай-ақ, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған көп қабатты тұрғын үйлердің дайындығы бүгінде 70%-ды құрайды»,-деді Гүлшара Әбдіқалықова.
«Нұрлы жер» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары бойынша Қызылорда қаласында 14 шақырым жылу жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары іске асырылды. Сондай-ақ, облыс бойынша 19 әлеуметтік нысанның жылу қазандықтарын газ отынына бейімдеу жұмыстары жүргізілуде.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<