Қызылорда облысының Еңбек елді мекені «Батыр аналар ауылы» атанып кеткен. Бұл туралы 24.kz-ке сілтеме жасап KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Бұлай аталуының себебі – алақандай ғана ауылда 100-ге жуық батыр ана бар. Оның 43-і алтын, 54-і күміс алқа иегері. Он бір баланың анасы, сексен жастағы Тазагүл Қазыбекова мәдениет үйіндегі орталықта ауыл балаларын қолөнерге баулып жүр. Шөбересіндей қыздарға тоқыма тоқудың қыр-сырын үйретеді. «Аға буынның жастарға өнеге көрсету салты ертеден қалыптасқан. Ұрпақтар сабақтастығының арқасында ауылымызда қол қусырып, жерге қарап отырған жан жоқ, – дейді алтын құрсақты ана.
«18 бала өмірге әкелген Патима, Сабыт деген құрдасымыз болды. Олардың барлығы азамат болып, алды зейнетке шықты. Одан кейінгі батыр аналардың өзі де ең кемі тоғыз бала дүниеге әкелген. Барлығы да үлкен азамат болып, елге пайдасын тигізіп жатыр», – дейді «Күміс алқа» иегері Тазагүл Қазыбекова.
Еңбек ауылының тұрғындары шетінен еңбекқор. Жұмыссыз жүрген жан жоқ. Егін мен мал шаруашылығын қатар түлетіп отыр. Тірлігі түзу елді мекеннің соңғы жылдары тұрғындары көбейіп, аумағы да кеңейді. Айнұр Доспенбетова – мемлекеттен берілген 1 миллион теңге қайтарымсыз қаржыға кәсіп бастап, алты баласының нәпақасын тауып отырған күміс алқа иегері. «Ұршық иіруді үйрендік, жүн түтуді үйрендік. Осы кісілердің арқасында бәрін үйреніп келе жатырмыз. Құрақ тігемін, перде де тігіп беремін. Бесіктің жасауын тігемін», – дейді көпбалалы ана.
Алтын құрсақты аналары көп ауылда 35 жыл бұрын «Батыр аналар» ансамблі құрылған. Содан бері бұл шығармашылық ұжымда үшінші буын алмасқан. «Батыр аналар» ансамблінің жетекшісі Алтын Мамадалиева: «Қыздарым трио, квартет болып ән айтады, домбырамен, гитарамен де айтады. Жеке ән орындаймыз, екі дауыста айтамыз, хормен айтамыз. Енді үлкен батыр аналардан көрген жұмысымызды жалғасытырып жатырмыз. Әніміз жақсы, көңіл күйіміз өте жақсы», – дейді.
Қазір Еңбек ауылында 43 алтын, 54 күміс алқа иегері бар. Соңғы жеті жыл бойы қылмыс мүлдем тіркелмеген.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<