Қызылорда облысында елсіз далада жоғалып кеткен үш азамат бес күннен кейін табылды.
Жалағаш ауданы Жаңадария ауылынан құтқару қызметіне 21 мамырда хабар келіп түсті. Онда 1966, 1976, 1981 жылғы азаматтардың 17 мамырда «Мыңтай» шекара қызметіне қарай бағыт алып, қайтар жолда хабарсыз кеткені жөнінде айтылған.
«Аталған іздестіру жұмыстары бойынша 21 мамыр күні сағат 13.45-те Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің Жедел құтқару жасақ құтқарушылары және «ҚазАвиаҚұтқару» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы мамандары дереу іске кірісті. Мамандар «Ми-171» тікұшағымен әуеге көтерілді. Сондай-ақ, кинологиялық есеп іздестіру мамандары іздеуге қосылды. Осылайша жер үсті және әуеден бақылау шаралары жүргізілді. Бұл алғашқы күні еш нәтиже берген жоқ. Іздеу жұмыстары бүгін, 22 мамырда қайтадан жалғасты. Нәтижесінде сағат 12.05-те құтқарушылар күшімен Жаңадария ауылына қарасты Аққолқа елді мекенінен 160 шақырым қашықтықтан жоғалып кеткен үш азамат табылды. Олардың жағдайы қалыпты, медициналық көмек қажет етпейді», – деп мәлім етті облыстық Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.
Ведомство мәліметінше, жоғалған азаматтарды іздеуге Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінен 8 қызметкер мен 1 техника және «ҚазАвиаҚұтқару» АҚ 2 қызметкері мен 1 тікұшақ жұмылдырылды. Аталған іздеу шарасына жоғалған азаматтардың туыстары да атсалысты.
Әділжан ҮМБЕТ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<