Қызылордада ерте піскен қауын-қарбызды жеген 13 адамның іші ауырған

606

0

Фото: ҚазАқпарат

Қызылорда облысында мерзімінен ерте піскен жеміс-жидек пен қауын-қарбыз жеген 13 адам дәрігерлер көмегіне жүгінді.

Облыста биылғы жылдың 5 айының қорытындысымен жіті ішек инфекциясының 349 жағдайы тіркелген.

Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 9,1 пайызға төмендеу тенденциясы байқалып отыр. 

«Облыс көлемінде тіркелген жұқпалы жіті ішек ауруының 98 пайызы Қызылорда қаласы тұрғындарынан анықталды. Сондай-ақ 89 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар арасында кездессе, оның ішінде 68 пайызы — 2 жасқа дейінгі балалар. Мамандар жүргізген эпидемиологиялық тексеру нәтижесі бойынша аурудың басты таралу себептері ретінде үй жағдайында дайындау технологиясы бұзылған немесе дұрыс сақталмаған тағамдарды тұтыну екені белгілі болды. Оған қоса мұндай жағдайлар сүт өнімдері, мерзімінен ерте піскен жеміс-жидектер, қайнамаған су және бала күтімінің нашарлығы салдарынан болған», — деді Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ерлан Ұзақбаев.

Жаз мезгілінде тұрғындар арасында жіті ішек инфекциясы жиі кездеседі. Себебі азаматтар ерте піскен бақша өнімдері мен жеміс-жидектер тұтыну барысында санитарлық талаптарды сақтай бермейді.

Осының салдарынан 13 тұрғын мерзімінен ерте піскен жеміс-жидек пен қауын-қарбызды жегеннен кейін өздерін жайсыз сезінген. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<