Ел Президентінің Жолдауында жеке қосалқы шаруашылықтар мәселесі қозғалды. Жасыратыны жоқ, бүгінде облыстағы мал өнімдері өндірісінің 85 пайызы үй шаруашылықтарының үлесінде. Осыған орай азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жеке қосалқы шаруашылықтардың мүмкіншілігін тиімді пайдалану үшін кооперация жүйесін жетілдіру қажет дейді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.
– Осыған орай, біз Жамбыл облысының «Алқаптан сөреге дейін» пилоттық жобасын іске асыру бойынша тәжірибесін зерттеп, тиісті шаралар топтамасын енгізу бағытында жұмыс жасайтын боламыз. Бұл бағытта республикалық бюджеттен 2022 жылға 6,5 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім жолданды, – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, мал шаруашылығы мәселелерінің бірі – малды жайылымдық жермен қамтамасыз етуде айтылды. Жеке қосалқы шаруашылықтардағы мал басын тиісті жайылымдық, шабындық жерлермен қамтамасыз ету мақсатында елді мекен аумағындағы барлық жерге түгендеу жұмыстарын жасап, жеке қосалқы шаруашылықтарына жер беруді заңдастыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Жайылымдарды тиімді пайдалану мақсатында оларды бақылаудың жаңа әдістері, тиісті мемлекеттік қолдау шаралары барынша пайдаланылатын болады. Сондай-ақ, жайылымдарды түбегейлі жақсарту, суландырудың барынша тиімді тәсілдерін қолдана отырып, жаңа жайылымдық жерлерді айналымға тарту жұмыстары қолға алынуда.
Тағы бір айта кетерлігі, Үкіметпен әзірленіп жатқан алдағы 5 жылға арналған «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасы. Онда су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін облыстың 237 су шаруашылығы жобасын енгізу бойынша жұмыс жасалуда. Бүгінгі күні, «Қызылорда» және «Әйтек» су тораптарына жөндеу жұмыстары жүргізіп жатса, 2023 жылға дейін коммуналдық меншіктегі 192 су шаруашылығы нысандарын тазалау және жөндеу жұмыстары кезең-кезеңмен атқарылатын болады.Су шаруашылығын басқаруды цифрландыру арқылы да каналдар бойынша берілетін суды тиімді пайдалану мен үнемдеуге қол жеткізілетін болады. Жалпы 2025 жылға дейін облыс бойынша 15 магистралды және шаруашылық аралық каналдар цифрландырылу жоспарланып отыр.
Баспасөз конференциясында егін жинау науқанының барысы да айтылды. Ағымдағы жылы барлығы188,1 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Негізгі дақыл күрiштің көлемі 83,6 мың гектарды құрады. Сонымен қатар, облыста биылғы жылы 53,5 гектарға жерге жеміс-жидектер мен жүзімдіктер егілді. Қазіргі таңда, бидай, арпа, сұлы, дақылдарын жинау аяқталса, мақсары, жүгері, картоп, көкөніс, бақша, дақылдарын жинау жұмыстары жалғасуда. Биыл ораққа түскен 40,3 мың гектар ескі жоңышқа дақылының I-ші және II-ші орымы аяқталып, қазіргі таңда III-ші орымы жүруде.
Облыста күрішке орақ салу жұмыстары 26 тамыздан басталды. Бүгінде күріштің 65283 гектарына орақ салынып, 55537 гектары бастырылды. Әр гектарынан орташа 53,3 центнерден өнім алынуда. Күзгі егін жинау науқанын 10 қазаннан кешіктірмей аяқтау жоспарланып отыр.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<