Қызылордада өкпені желдету аппаратын 3 есе қымбатқа сатып алған басшылар тергеліп жатыр

1225

0

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мемлекет басшысының дәрі-дәрмекті алыпсатарлық фактілерінің жолын кесу жөніндегі тапсырмасы қалай орындалып жатқанын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздің барлық өңірінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, «Адалдық алаңы» жобалық кеңселері, арнайы мониторинг тобы, сондай-ақ азаматтық белсенділерден құрылған жұмыс топтары 2500-ден астам дәріханаға, 200 медициналық бұйым қоймасына, 250 аурухана мен емханаға мониторинг жүргізді. Жұмыс нәтижесінде 200-ден астам заңбұзушылық анықталды», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің парасат департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы онлайн баспасөз мәслихатында.

Ол нақты мысалдарды келтірді. Айтуынша елордалық дәріханаларда «Амлодимед» және ЦЕФ-3 препаратының бағасы қымбат бағада сатылған. Ал Қарағанды, Ақмола, Жамбыл және Павлодар облыстарында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды азық-түлік базарларында және азық-түлік дүкендерінде қайта сату фактілері анықталған.

Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласында, Түркістан және Маңғыстау облыстарында өз қызметін лицензиясыз жүзеге асырған дәріханалар анықталса, Қостанай облысында облыстық аурухананың лауазымды тұлғасына қатысты өкпені жасанды желдету аппараттарын 35%-ға жоғары бағамен жеткізуге шарт жасасу фактісі тіркелген. Нақты бағасы 520 мың теңге болған жағдайда сатып алу 702 мың теңгеге жоспарланған.

Сондай-ақ Қызылорда облысында денсаулық сақтау басқармасы басшысының 2 орынбасарына қатысты 17,4 млн теңгенің өкпені жасанды желдету стационарлық аппараттарын сатып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Аппараттар «СК-Фармация» ұсынған бағадан 3 есе жоғары бағаға сатып алынған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<