Қызылордалық 6 бастауыш сынып оқушысына «AIDYN NURY қайырымдылық қорының» атынан планшет таратылды. Олар Арал ауданындағы №62 мектептің 2 оқушысына, № 260 мектептің 1 оқушысына, Қызылорда қаласындағы № 271 мектептің 2, № 187 мектептің 1 оқушысына берілді.
Планшетті кәсіпкерлер палатасының мамандары мектеп басшылығымен бірлесе отырып жүзеге асырды. Ерекше тоқталып өтетін жайт, Кәсіпкерлер палатасы өздігінен планшет немесе ноутбук қажет отбасылардың тізімін жасақтамайды. Тізімде бар-жоғын білгісі келетін отбасылар www.qoldau.edu.kz сайтынан балаларының ЖСН нөмірінің соңғы 6 санын теріп тексере алады. Ал балаларды тізімге қосу жұмыстарын мектептердің әлеуметтік педагогтары аудандық немесе қалалық білім бөлімі арқылы жүзеге асырады.
Айта кетейік, ҚР Білім және ғылым министрлігі «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып, мектеп білімінің онлайн режиміне өтуіне байланысты Қазақстан оқушыларын қажетті техникамен қамтамасыз етуге бағытталған «Oqýshyny qolda» қайырымдылық акциясын бастаған болатын. (www.qoldau.edu.kz)
Басты мақсат – мектеп білімінің онлайн режимге өтуіне байланысты Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, сондай-ақ аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды қажетті техникамен, атап айтар болсақ, бастауыш сынып оқушыларын планшетпен, жоғарғы сынып оқушыларын ноутбукпен қамтамасыз ету. Әрбір оқушы оқуын жалғастыруға мүмкіндік алуы мақсатында қажетті техниканы сатып алу үшін қоғам мен бизнес өкілдерін жұмылдыру.
Аталмыш акцияға «AIDYN NURY қайырымдылық қоры» қолдау білдіріп, қаражат бөліп, жетпіс шақты планшеттермен қамтамасыз етті. Ал өңірлердегі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері логистика жағынан жеткізіп беру үлесін қосып жатыр.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<