Қызылорда қаласында «Орталық қазақ бейіті» аумағынан өрт шықты.
Өрт 4 қазан күні сағат 12.30 шамасында тұтанған. Облыс орталығындағы А.Тоқмағанбетов көшесінің бойында орналасқан «Орталық қазақ бейіті» аумағында 2 гектарға жуық қураған шөп жанған.
«Өрт 15.24-те толық сөндірілді. Оған облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің 25 өрт сөндірушісі және 7 техникасы тартылды. Өрттің шығу себебі мен шығыны анықталуда. Зардап шеккендер жоқ», – деді өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі Бекзат Мақұлов.
Оқиға орнында Қызылорда қалалық полиция басқармасы, Қызылорда облысы жұмылдыру дайындығы басқармасы, жедел жәрдем бригадасы, «Қызылорда тазалығы» ЖШС мамандары жұмыс істеді.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<