Қызылордада волонтерлер археологиялық зерттеу жұмысына қатысады

795

0

Қызылорда облысында «Syr Volonterleri» орталығы өңірдегі барлық ерікті азаматтардың басын біріктіре отырып, «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетіп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Орталық биылғы 23 шілдеден бастап жұмысын жүргізіп отыр.

Оған облыстық ішкі саясат басқармасы тарапынан қолдау жасалды. Негізгі мақсаты – халық игілігі үшін волонтерлік көмек көрсету. Қазір орталық тарапынан коронавирус індетімен күрес, волонтерлік көмек пен қайырымдылық акцияларына басымдық берілген. Орталық 7 бағыт бойынша қызмет атқарады. Оған жауапты мамандар бөлінген. Мамандар қазір онлайн форматта жұмыс жүргізіп келеді.

Еріктілер тарапынан тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау шараларына волонтерлерді тарту, жоғалған адамдарды іздеу, зілзала қауіп-қатерін азайту және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарын жою, оқушылар мен студент жастарға үйірмелер, компьютерлік сауаттылықты арттыратын онлайн сабақтар мен курстар өткізу бағыттарында жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ, онкологиялық диспансерлер, ауруханалардағы науқастарға медициналық көмектер беру, қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазалап, ағаш отырғызу жоспарда бар. Сондай-ақ, қарттар үйлеріне, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету, өмірде қиын жағдайға тап болған жастарға, жас отбасыларға көмек беру жобалары жұмыс жасайды «Құрбан айт мерекесі қарсаңында біздің орталықтың және Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен республикалық «Мың алғыс» акциясына 80-нен астам волонтер мен 20 автоволонтер жұмылдырылды.

Акция барысында 100-ден аса медицина қызметкерінің отбасыларына азық-түлік жиынтығы, мерекелік себет табыс етілді. Оған қоса 1700 медицина қызметкеріне ыстық тамақ, теміржол ауруханасының қызметкерлеріне азық-түліктей көмек, арнайы құрбандыққа шалынған мал еттері таратылды», – деді орталықтың топ басшысы Сымбат Бимағанбетова. Оның айтуынша, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш аудандарының волонтерлары «Birgemiz: Saulyq» бағыты бойынша «Бетперде тағып жүрейік»науқаны аясында көпшілікке 4550 дана медициналық бетперде таратты.

Сырдария ауданының волонтерлары «Birgemiz: Taza Qazaqstan» бағыты бойынша Сырдария өзені жағалауына тазалық жұмыстарын атқарды. Осындай жұмысты Шиелі ауданының жастары орталық мешіті аумағында жүзеге асырды. Мұндай игілікті іске қазалылық еріктілер де белсене атсалысты. Ал Қызылорда қаласының жастары «Birgemiz: Umit», «Birgemiz: Тaza alem», «Birgemiz: Sabaqtastyq» бағыттары маңызды істерді өткізуге ұйытқы болды. Еріктілер маусымдық кезеңде суға кету оқиғасының жиілеп кетуіне байланысты қала тұрғындарын суға түсу кезінде сақтық шараларын ескеруге шақырды. Көпшілікке демалыс орындары мен жағажайларда тазалық сақтау жайында кеңес берді. «Атап өтерлігі,«Birgemiz: Qamqor» «Birgemiz: Sabaqtastyq» бағыттарында тиісті жұмыстар атқарылды. Осы мақсатта өңірдегі «Харекет» қайырымдылық қоры жергілікті еріктілермен біріге отырып, Қызылорда қаласы мен Арал ауданындағы 2 көпбалалы анаға баспана кілтін табыс етті. Енді тамыз, қыркүйек айларында «Мектепке жол» республикалық акциясы өткізіледі. Ол «Birgemiz: Bilim» бағыты бойынша жүргізіледі.

Акция барысында көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан мектеп жасындағы балаларды оқу құралдарымен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Ал, «Birgemiz: Asyl mura» бағытында Қармақшы және Сырдария аудандарындағы Бәбіш мола және Асанас қалашықтарына археологиялық ескерткіштерге қазба және зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Оған туған жердің тарихи-мәдени мұраларына қызығушылық танытатын және далалық қазба жұмыстарының қыр-сырын меңгеруге қызығушылық білдірген еріктілерді тарту көзделген», – деді орталықтың топ басшысы.

Орталыққа call-орталық арқылы хабарласқан тұрмысы төмен 200 отбасына тиісті көмек көрсетілді. Қайырымдылық ісіне «Ажар сити» сауда үйі, «Бест Сервис ЛТД», «КРЕЗ-Сервис», «Абай-Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Қызыл ай» қоғамдық қоры қолдау көрсетті.

Қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты облыстағы волонтерлік қызметтердің басым бөлігі «Birgemiz: Saýlyq» және «Birgemiz: Qamqor» бағыттары бойынша жүріп жатыр. Орталық ашылған кезден бастап осы күнге дейін 30-ға жуық түрлі шара өткізілген. Ол Қызылорда қаласы мен облыстың барлық ауданын қамтыды.


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<