Қызылордада жылу қымбаттай ма?

699

0

Қызылорда жылу электр орталығы облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінен тарифті көтеруді сұрап отыр. Ұсыныс депутаттар, мемлекеттік органдар, ақпарат құралдары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысқан жария тыңдауда талқыланды.

Департамент басшысының орынбасары Ғалым Тойлыбек тарифті бекіту туралы өтініш 2021-2026 жылдарға арналғанын атап өтті. Кәсіпорын директорының орынбасары Әнуарбек Әбдімомынов айтқандай, бағаны өсіру – мәжбүрлі қадам. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, тариф 2015 жылдан бері өзгермеген. Екіншіден, тозығы жеткен негізгі қондырғылар, жылу желілері жөнделуде. Одан бөлек, шикізат, материалдар мен электр энергиясы құнының, жаңа объектілердің теңгерімге өтуіне байланысты амортизациялық аударымның артуы әсер етті.

– Жұмысшылар жалақыны көтеруді талап етіп отыр. Кәсіби мамандардың басқа мекемелерге ауысуы жиіледі. 2015-2020 жылдар аралығында инфляция көлемінің жоғарылағанына қарамастан еңбекақы 5-7 процентке ғана өсті. Ендігі себеп – бесжылдық инвестициялық бағдарламаны орындау үшін алынған қарызды қайтару, – деді Ә.Әбдімомынов.

Кәсіпорынның өтінішіне сәйкес жылумен жабдықтау қызметінің жобалық орташа босату тарифі – қосымша құн салығын қосқанда 1 Гкал үшін 8256,51 теңге немесе қазіргіден 1,5 есе көп. Тұрғындар үшін 1 шаршы метрге – 135,33 теңге, бұл қолданыстағы бағадан 96,77 теңге немесе 28,5 процентке қымбат.

Шешім сын-ескертулер негізінде алдағы жылдың 26 қаңтарында қабылданады.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<