Қызылордадағы қоқыс полигонында қап-қап картоп пен сәбіз неге жатыр? Корпорация ресми жауап берді

659

0

Қызылордадағы қоқыс полигондарының бірінде қаншама қап картоп мен пияз рәсуа болып жатыр. Кеше әлеуметтік желіде осы мазмұнда бейнежазба тарады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Блогер Үйтолған Жәреке де бұл туралы фейсбуктегі жеке парақшасында мәселе көтерді.

«Әлеуметтік дүкеннің тұтынушылары бар. Өтпей тұрған картоп-пияз жоқ. Пияздың бағасына Үкімет назар аударып жатқанда біз оны қоқысқа тастадық. Айтпақшы, бірден тастаған жоқпыз. Қоймаға сақтап, әбден шірігенін күттік. Сосын халықтың ашу-ызасына тисін деген сияқты ашықтан-ашық жүздеген қап азықты теңкитіп далаға тастадық. Қымбатшылық қос өкпеден қысып, инфляция ұшып тұрғандағы бұл әрекет нағыз халық жауының ісі дер едім», – делінген онда.

Әлеуметтік желі қолданушылар халықтың несібесін далаға тастау ақтап алуға келмейтін тірлік екенін жарыса жазды.

Мысалы, Жанар Байшораева: «Әлеуметтік дүкендер шірігеннің үстіне таза азық-түлікті араластырғанша таза күйінде сатса, алады ғой. Енді не мынау ысырап қылып?!» – десе, Гүлжан Қойбағарова «Осы дүкендердің миссиясын түсіне алмадым. 2 келіден артық сатпай әлдеқандай болушы еді. Базарда жұмыртқа – 33-34 теңге, әлеуметтік дүкендерде – 45 теңге. Мұның қай жері әлеуметтік?» – деп пікір қалдырды.

Қоғамдық дауға түрткі болған мәселеге қатысты «Байқоңыр ӘКК» АҚ басқармасының баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасады. Соған қарағанда бұл жарамсыз тауарды жою талабына сүйеніп жасалған әрекет екен.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін тұрақтандыру қорына азық-түлік сатып алынады. Бұл өнімдер арнайы әлеуметтік дүкендер мен ірі сауда үйлері желілеріне жеткізіліп, төмен бағамен сатылады. Сонымен бірге көшпелі азық-түлік жәрмеңкелерінде өңір тұрғындарына жеңілдетілген бағамен ұсынылады. Дүкендерде жарамсыз болып қалған өнімдер қайтадан қоймаға әкелініп сақталады. Өнім сатып алынып, сақталып, сатылғаннан кейін ол жерде жарамсыз қалдықтардың қалуы – заңды құбылыс. Бұл – тұрақтандыру қорында да, жеке кәсіпкерде де болатын жағдай», – делінген ресми мәлімдемеде.

Қоқыс полигонына заңды рәсім бойынша төгіледі. Ал бейнежазба авторының көрсеткені биыл 25 мамыр күні жойылған екен. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы биыл көкөніс алдыңғы жылдарға қарағанда 3 есе артық сатып алынғанмен, жою көрсеткіші 3 есе аз екенін жеткізді. Бұл – өнім сапасын қадағалау, оның дұрыс сақталуын қамтамасыз ету нәтижесі екенін атады.

«Жазбада «өнімдерді адамдарға таратып бермей ме?» деген сұрақ қойылған. Үкіметтің адам өмірі мен денсаулығына, жануарларға, қоршаған ортаға қауіп төндіретін тамақ өнімдерін кәдеге жарату және жою ережесі туралы қаулысы бар. Соған сәйкес жойылған көкөністерді адамдарға немесе үй жануарларына беруге болмайтынын, олардың адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіретінін хабарлаймыз», – делінген корпорация жауабында.

Назерке Саниязова

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<