Қызылордадан Оралдағы түрмеге есірткі жеткізбек болған қылмыстық топ ұсталды

587

0

Қызылордадан Оралдағы түрмеге есірткі жеткізбек болған қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мәлім еткеніндей, есірткі Қызылордадан батыс өңірлерге тасымалданған.

Күдіктілерден ұсталған кезде 10 кг есірткі тәркіленді. Тағы 5 кг есірткі олар тұратын мекенжайдан табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес есірткі кептірілген марихуана болып шықты. Бұл аса ірі көлемдегі есірткі болып табылады.

БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары, әділет полковнигі Нияз Рыспаевтың айтуынша, жедел алдын алу шаралары барысында Оралда жазасын өтеп жатқан ер адамның өзінің інісі арқылы БҚО-ға Қызылордадан есірткі тасымалдауға қатысы барлығы жөнінде ақпарат алынған. Есірткінің бір бөлігін қылмыстық топ түрмеге жеткізбек болған.

«Ақпарат мұқият тексеріліп, ҚР ҰҚК департаментіне берілді.

ҰҚК департаменті қызметкерлері Ақтөбе қаласында Н. деген күдіктіні қолға түсірді. Ол Оралда есірткі қылмысына қатысты жазасын өтеп жатқан ер адамның ұлы болып шықты. Аталған жазасын өтеуші заңсыз әрекетінен сабақ алудың орнына қылмысқа баласын тартқан. Қазіргі кезде тергеу аяқталып, іс сотқа жолданды», деді Н.Рыспаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<