Қызылордалық 80 балаға қолдау білдірді

1131

0

«Dauletten» қайырымдылық қоры Балалар жылына орай, жаңа оқу жылы қарсаңында «Зейінді 1000 бала» қайырымдылық жобасын ұйымдастырды. Жоба мақсаты – ата-ана қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан республикамыздың түкпір-түкпіріндегі жиыны 1000 баланы мектепке қажетті оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету.

8-15 тамыз аралығында жобаға dauletten.kz сайты арқылы мыңнан аса өтінім түскен. Сайтта арнайы анкета толтырып, әлеуметтік жағдайларын растайтын құжаттарды, оқушының жетістіктерін жүктеп өтінім берді. Жоба жеңімпаздары арнайы баллдық негізде анықталып, ауыл балаларына басымдық берілген. Жоба ережесі бойынша бір отбасыдан бір балаға ғана көмек беріледі.

Бүгінгі таңда 1000 оқушының тізімі dauletten.kz сайтында жарияланды. Қызылорда облысы бойынша 80 бала аталмыш жобадан көрінді. Енді оларға 30 000 теңге көлемінде қаржы аударылатын болады. Жиыны жоба аясында 1000 балаға 30 000 000 теңге көлемінде қайырымдылық жасалынып отыр.

− Баланы мектепке дайындау тұрмыстық тапшылыққа байланысты ата-анаға салмақ салады. Қамқоршылық тәрбиедегі балалардың жауапты өкілдері де баланы қатарынан кем қылғысы келмейді.  Осы мәселенің алдын алу мақсатында басталып отырған бұл ауқымды  жоба, еліміздің барлық өңірін қамтитын ізгі бастама болды. Оқушыларды қолдау, балаларға жақсылық жасау, жанашыр ұрпақтың өсуіне сеп болатын ізетті іс-әрекет. Үлкен қалалар мен шалғай өңірлерді түгел қамтыдық. Қор жұмысына атсалысқан барлық, қайырымды жанға мың алғыс! − дейді қор директоры Жасұлан Қуандық.

Айта кетейік, «Dauletten» қайырымдылық қоры Сыр өңірінде бірнеше отбасының баспаналы болына үлес қосқан болатын. Енді сексен балаға демеу болып отыр.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

Сурет: Тіл қазына сайтынан алынды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<