Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті АҚШ елшілігінің 38 000 АҚШ доллары көлемінде қаржыландырған жобасын жүзеге асырмақ. Жоба аясында ғалымдар «Қазақстан аумағындағы жоғарғы оқу орындарында экология және қоршаған орта ғылымдар саласында негізі оқу бағдарламаларын дамыту» тақырыбында жұмыс жасауды көздеп отыр.
Жоба ағымдағы жылдың маусым айында АҚШ-Қазақстан университеттерінің ынтымақтастық бағдарламасы аясында жүзеге асады. Жоба үйлестірушісі Мичиган мемлекеттік университетінің (АҚШ) профессоры Джихуан Чен.
Жас ғалымдарға 10 күн бойы Мичиган мемлекеттік университеті, Джорд Вашингтон, Оңтүстік Дакота, Майн, және Нью-Йорк қаласындағы Пэйс университетерінің профессорлары офлайн форматта дәріс оқиды. Одан кейін Қызылорда облысының аумағында профессор Чен бастаған ғалымдар тобы дала жұмыстарына зерттеу жүргізеді. Сондай-ақ, жас зерттеушілердің НАСА ғарыштық агенттігінің Қазақстандағы және Орталық Азиядағы қазіргі және келешектегі жобаларына қатысуға мүмкіндіктері бар.
«Біздің ғалымдар жоба аясында АҚШ оқу орындарымен тәжірибе алмасып, экология саласының оқытылу процесімен таныспақ. Аталған жоба екі ел университеттері арасындағы ынтымақтастықтың артуына және студенттердің тәжірибе алмасуына ықпал етеді», – деді халықаралық байланыстар бөлімінің басшысы Гүлназия Әлмаханова.
Айта кетейік, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен қатар І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті, Қ.А.Яссауи атындағы Қазақ-Түрік университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік-Қазақстан университеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті жас ғалымдарын да жобаға қатысуы жоспарлануда.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің медиа орталығы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<