сурет ашық дереккөзден
Облыс бойынша қызылша ауруының эпидемиологиялық ахуалы тұрақтануға бет алды. Қараша айында ауруға шалдығудың 501 дерегі тіркелсе, желтоқсанда 474 жағдай анықталған. Осы орайда мамандар аурудың төмендеу тенденциясы байқалатынын айтуда.
– Кейінгі мәліметтерді салыстыра отырып, аурудың төмендеу тенденциясын байқаймыз. Бұл ретте қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау науқанының тиімділігін көруге болады. 2023 жылдың 6 қарашасынан басталған шара аясында 60 мыңға жуық адам ауруға қарсы екпе алды. Бүгінде ұжымдық иммунитет қалыптасып келеді. Дегенмен эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандырып, вирус айналымын әлсірету үшін әлі де тиісті контингент екпемен қамтылып, қорғаныш қабілетін нығайту керек. Қазір аймағымыздағы барлық емханаларда қызылшаға қарсы қосымша иммундау жалғасып жатыр. Екпеден кейінгі асқыну жағдайлары орын алған жоқ, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова.
Жалпы былтыр барлығы 1682 қызылша жұқтыру дерегі анықталған. Ал жаңа жылда 30 дерек тіркелді. Эпидемиологиялық мониторинг қызылша індетіне шалдыққандардың басым бөлігі ауруға қарсы екпе алмағандығын көрсетті.
Бұл өз кезегінде қызылша инфекциясынан сақтанудағы екпенің қажеттілігін тағы бір дәлелдеуде. Осыған байланысты мамандар ата-аналарды 6-11 айлық сәбилерін, 2-5 жас аралығындағы балаларын ауруға қарсы егуге шақырады. Бұдан бөлек, Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес әрбір бала 12-15 айлығында және 6 жасында қызылша, қызамық пен паротитке қарсы вакцина алуы қажет.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<