«Қызылжарма» каналы мен Сағымбаев көшесі жаңғыртылады

6

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қызылжарма» каналын науамен жабдықтау және жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Алдымен жабдықтау жобасын көрді. Қолданыстағы «Қызылжарма» каналы 1957 жылы салынған. Ұзын­дығы – 13 800 метр, ені – 11 метр, тех­никалық жағдайы ай­тар­лықтай тозған. Су ресурстарын тиімді пай­далану және үнемдеу үшін ка­нал­­ды қайта жаңғыртып, заманауи талап­­тар­ға сай науамен жабдықтау қажеттілігі туындады.

Осы бағытта жоба әзірленіп, ол іске асқанда «КБИ», «Коммунизм», «Шан­хай», Гагарин шағын ау­дандары мен «Қы­зылжарма» ауыл­дық округінде тұратын шамамен 48 мыңға жуық тұрғын сапалы аяқсумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, мал шаруашылығын дамытуға, бау-бақша және жеміс-жидек егуге, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға оң әсерін тигізеді. Суару маусымында каналдан шамамен 9,3 млн текше метр су жіберіледі. Канал реттел­ген соң су шығыны шамамен 50 пайызға азаяды.

Қазіргі таңда құрылыс жұмыс­тарын «Бақ-Береке 2030» серіктестігі бастады. Келісімшартқа сәйкес жобаны іске асыру мерзімі – 14 ай.

Жоба бойынша 9 488 метр науа орнатылып, 34,3 гектар аумақ таза­­ланып, монолитті темірбетон кон­струкциялары тұрғызылады. Соны­мен қатар, 10 тіреу-бөгеттеу құ­рылғысы, 2 құбырлы өткел, жаяу жүргіншілер көпірлері, диаметрі 200 мм-лік 87 су шығару құрылғысы орна­тылады. Оған қоса 56 400 шар­шы метр кеспетас төселіп, 126 орындық пен қоқыс жәшігін қою жоспарланған.

Аймақ басшысы мұнан кейін «Сағым­баев көшесін Торайғыров көшесінен «Қызылорда – Құмкөл» автожолына дейін қайта жаңғырту» жобасын жүзеге асыру барысын көрді. Мұнда 2,1 шақырымдық төрт жолақты жаңа автомобиль жолы салынуда.

Мердігер мекеме – «Қыран», тех­ника­лық қадағалаушы – «СК Энерго Ойл», авторлық қадағалаушы – «Проинсет» серіктестіктері. Жоба­ның келісімшарт құны 1 673 132,0 мың теңге, ол бойынша жаяу жүргін­шілер жолы салынып, заманауи жарық шамдары орнатылады. Бұл жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

«СБ» ақпарат