«Қызылжарма» –құтты мекен

390

0

Қала іргесіндегі «Қызылжарма» ауылдық округі кеңес кезеңінде халықты сүт және көкөніс өнімімен қамтамасыз еткен. Тарихы әріден басталатын ауылдың орталығы – бұрынғы «Комсомол», қазіргі «Қызылжарма» ауылы 1929 жылы құрылған. Көнекөз қариялардың айтуынша, Сырдария өзені сағасынан ауылға қарай қолдан канал қазылып, су жеткізілген. Канал қазғанда шыққан топырақ кып-қызыл болып үйіліп жатады екен. Осыған қарап, ауыл адамдары кетпенмен қазылған жарманы «Қызылжарма» деп атапты, оның бойында орналасқан ауылдық кеңес те осы атауды иемденген.

Ауылға кіреберісте 5547 әскери бөлімі орналасқан. Қала халқына таза ауызсу жеткізетін «Аквалайын» ЖШС да осы маңда. Екі жағы жасыл желекке оранған Р.Батырбаев көшесі кең әрі жарығы да бар. Былтыр ауыл тұрғындарының сұрауымен салынған бағдаршам да сырттан келген әр жолаушыға бағдар беріп тұрғандай әсер қалдырады. Сол көшеден оңға бұрылған тұста ауыл әкімшілігі орналасқан. Әкімшілік ішіне бас сұққанымызда ауыл әкімі Шәріп Әбдірахманов ақсақалдармен ақылдасып отыр екен. Осы жердің тұрғыны, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Молдашбек Ордабаев кезінде Сырдария ауданына қараған «Қызылжарма» мықты совхоз болғанын айтады.

–       Бұрын барлық шаруашылық нысан жұмыс істеп, жергілікті тұрғындар сол жерде еңбек ететін. Кейін егемендік алған тұста жағдай біршама қиындады. Бірақ жеке кәсіпке тез бейімделіп аяққа тұрып кетті. Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, ауылда газ, жарық мәселесі шешімін тапқан. Халыққа қызмет көрсететін мекеме де көбейді. Ауылда 10 мыңнан астам тұрғын бар. Жыл сайын қоныс аударушы саны артып келеді. Ауызбірлігі мол  ауылда қай істі де келісіп, ақылдасып жасаймыз. Жастар арасынан бұзақылық шыққан емес. Үлкенді сыйлап, кішіге ізет білдіретін кейінгі буын өкілдері өсіп келеді. Алдыңғы буын мен жастардың кездесуі жиі болып тұрады. Жуырда ғана сондай келелі басқосуымыз болды. Ауылдың тазалығын бірге ұстауға, түнгі уақытта бейберекет көше кезбеуге шақырамыз.  Бір сөзбен айтқанда, берекелі тіршілік кешіп отырған жайымыз бар, – деді ақсақал.

Еңбек адамдарының ауылы

Расымен уақытында түрлі өндіріс ошақтары жұмыс істеген. 1961 жылы «Комсомол» совхозы құрылып, қала халқын ауыл шаруашылығымен қамтамасыз еткен. Одан кейін құс фабрикасы беріге дейін облыс халқын құс еті және жұмыртқамен қамтыды. Бірақ, 2007 жылы жұмысын тоқтатқан. Ал 1971 жылы Қазалы ауданынан «Қызылжармаға» ауылшаруашылық техникумы көшіп келіп, 1977 жылы совхоз-техникум болып құрылған. 1992 жылы «Агрофирманың» құрылуына байланысты, техникум шаруашылықтан бөлінген. Ал 1997 жылы қаладағы бірнеше техникум біріктірілген. Солардың қатарында «Қызылжармадағы» совхоз-техникум да бар. 1992-1997 жылдары Қызылжарма ұжымдық кәсіпорны болған. 1992 жылы «Қызылжарма» ауылдық кеңесі «Комсомол», «Геолог», «Александровск» елді мекендері қаланың әкімшілік-аумақтық құрамына енгізілген. 2005 жылы ауылдық округ аумағынан «Геолог», «Александровск» елді мекендерінен Талсуат ауылдық округі құрылып, жоғарыда аталған елді мекендер соның құрамында болған.

«Қызылжарма» ауылдық кеңесін 20 жылдай басқарған «Еңбек Қызыл ту» орден иесі Қалмақ Сексенбаевпен, «Комсомол» совхозын басқарған Кеңес одағының батыры Нағи Ілиясовпен, Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген агроном, «Еңбек Қызыл ту» ордені иегері Әшім Ибраевпен, екі мәрте «Еңбек Қызыл ту» орденін алған Жақсылық Зимановпен қалай мақтанса да жарасымды.

Себебі олар еңбегімен ел құрметіне бөленген жандар. Бұған қоса атақты сауыншы, «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Баян Піржанованы, егінші, батыр ана, «Еңбек Қызыл ту» орденінің иегерлері Қатшагүл Аралбаева мен озат құс өсіруші Несібелі Ибраеваны тек қызылжармалықтар ғана емес, тұтас ел құрметтейді.

–       Ауыл қалаға қосылғаннан бері көптеген әлеуметтік нысандар бой түзеді. Барлығы жаңадан салынды. Өйткені қалаға жақын үлкен ауыл болғандықтан көшіп келушілер артуда. Бүгінде №144 мектепте 3 мыңнан астам оқушы білім алады. Бала санының артуына байланысты «Жайлы мектеп» жыл аяғында пайдалануға беріледі. Көпұлтты ауыл тұрғындарының ынтымағы жарасқан, ауызбірлігі мол, – дейді «Қызылжарма» ауылдық кеңесінің төрайымы, 45 жыл ауылда еңбек еткен Сәрсенкүл Смайлова.

Бүгінде ауылдың жаңа бас жоспары сарапқа түсуде. Ауыл әкімі өз ұсынысын беріп, бұл іс пысықталуда. Егер комиссиядан сәтті өтсе, бас жоспар бойынша іргелі істер жалғасады. Жалпы аумағы 30 гектарды құрайтын ауылдық округте жаңадан стадион, мектеп, балабақша бой көтереді. мемлекеттік 4 мекеме жұмыс істейді. Оның біреуі 280 орындық балабақша, 3000 адамға қызмет көрсететін амбулатория, С.Әлжіков атындағы №144 мектеп пен ауылдық мәдениет үйі. Тұрғындар санының көбеюіне байланысты бұл мекемелердің аумағы көп адамды қамти алмайды. Сондықтан ауылдың жаңа бас жоспарына сәйкес тағы да мемлекеттік мекемелер салынады.

Инфрақұрылым жолға қойылған

Ауыл ішін ақсақалдармен және әкіммен бірге аралап, әлеуметтік нысандар құрылысымен таныстық. Көшелер тегіс, жаңадан жөнделген, жаяу жүргіншілер жолы да салынған. Былтыр «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 көшеге (Р.Батырбаев, Қ.Сексенбаев, №61 көше, А.Меңлібаева, А.Алимов) жалпы ұзындығы 6,5 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолын салуға облыстық бюджеттен 100 млн теңге қаржы бөлініп, қазіргі уақытта пайдалануға берілген.  Қалалық құрылыс бөлімі арқылы ауылдық округтің шет аймақтары – «Қызылжарма-1» және «Қызылжарма-2» тұрғын ауданындағы 35 көшеге тас, Әл Фараби көшесінен Қарауылтөбеге баратын 1,6 шақырым жолға асфальт төселген. Өткен жылы облыстық бюджеттен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 23 көшеге орташа жол жөндеу жұмысы жүргізіліп, 24 көшеге түнгі жарық бағанасы да орнатылыпты.

Ауыл балалары бос жүрмейді

Ауыл әкімшілігінің жанында бұрын қаңқасы бос тұрған балабақша ғимараты болатын. Кейін оның есігіне қара құлып салынып,  біршама уақыт мешіт қызметін де атқарды. Ғимаратты жеке кәсіпкер Сұлтанбек Сексенбаев ауыл балаларының игілігіне табыстап, 300 орындық спорт кешенін ашқан. Жазғы демалыс кезінде уақытын босқа өткізбей, пайдалы істерге арнайтын жеткіншектерді осы маңнан көруге болады. Біз келгенде кешеннің ішінде бірнеше бала спорт жаттығуларын жасап жатыр. Олардың алды жарыстарға қатысып, жүлделі орындар да иеленіп үлгерген.

– Спорт кешенінде самбо, дзюдо, каратэ-до, еркін күрес, би, сурет салу, домбыра үйірмелері жұмыс істейді. Әр топта 1-11 сынып аралығында оқитын 50-60 бала бар. Барлығы тегін қатысады. Қазір жазғы уақыт болған соң балалар сирек, бірақ келіп жатыр. Ата-аналары ерте сағат 8-ден бастап әкеліп, күтіп отырады. Барлық жағдай жасалған, – дейді спорт кешені директорының орынбасары Айдар Қазбекұлы.

КСРО спорт шебері Бейбіт Сағындықов боксқа балаларды жаттықтыруда. Ашылғанына көп уақыт болмаса да, шәкірттері жарыстарда жүлдегер атанған.

–       Жақында Талдықорған қаласында республикалық турнир өтті. Инабат Асхатқызы атты шәкіртім ІІІ орын алды. Қазалы ауданында өткен Жалаңтөс баба атындағы ашық біріншілікте Камила Берлібек  есімді шәкіртіміз де жеңімпаз болды. Ауылда спортшы балалар көп. Бірақ кейде жарысқа апаруға ата-анасының мүмкіндігі болмай қалады. Сондай да қолдау көрсетілсе жақсы болар еді, – дейді жаттықтырушы.

Тағы бір айта кетерлігі, қалалық алаң құрылысын қайта жаңғыртқан кәсіпкер, осы жердің тумасы Асқар Әубәкіров ауыл балалары үшін ойын- сауық орталығын ашуды жоспарлауда. Бұрынғы құс фабрикасының жер учаскесін сатып алып, заманауи ғимарат тұрғызуда. Енді кішкентайлар үшін ойнайтын жер де, отбасылық демалыс орны да болады.

Тұрғындардың мәдени іс-шарасы, әкімнің жұртшылықпен кездесуі ауыл клубында өтеді. Ауылдың орталық көшесіне орналасқан нысан бұл жердің көркін кіргізіп тұрғандай. 2013 жылы типтік жобада ауылдық мәдениет үйі бой көтерген. «Қуаныш» әжелер ансамблі, «Қожабековтердің» отбасылық ансамблі талантымен тамсандырып жүр. Олар – қалалық, облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегерлері. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оларды өнерге баулу  мақсатында мәдениет үйінің жанынан құрылған 13 үйірме жұмыс жасауда. 

Қуаныш Ахметқызының ұйымдастыруымен жергілікті өнерпаз аналардан құрылған «Қуаныш» әжелер ансамблі халықтың көзайымына айналып келеді. «Қызылжарма» мәдениет үйі жанынан құрылған әжелер ансамблі, байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүр. Биыл сәуір айында ансамбль өнерпаздары А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Биыл бізге 10 жыл» атты  мерекелік концерттік бағдарламасын халыққа ұсынды. 

Талай таланттар түлеп ұшқан С.Әлжіков атындағы №144 орта мектептің тарихы сонау 1920 жылдан басталады. Ол уақытта небәрі төртжылдық сыныппен жұмысын бастаған. Ал бүгінде ауыл балалары 2009 жылы бой көтерген 1200 орындық жаңа ғимаратқа көшкен мектепте білім алуда. Директоры Жұмагүл Сейдахметованың жетекшілігінде алдыңғы қатарлы оқу ордасының біріне айналған. Биылдың өзінде  100 оқушы  бітірсе, оның  8-і «Алтын белгі», 9-ы «Үздік аттестат»  иегері атанып отыр.

«Жайлы мектептің» бірі осында

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынып жатқан «Жайлы мектептің» біреуі осы ауылда бой көтеруде. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатқан нысанға аялдадық.

Ел бойынша құрылысы жүріп жатқан «Жайлы мектеп» 600 орынға лайықталған. Бұған дейін №144 орта мектепте екі есе үстемемен оқып келген балалардың мәселесі жыл аяғында шешімін таппақ. Тұрғылықты мекен-жайына байланысты 600 бала осы мектепке ауыстырылады. Ондағы мұғалімдер де арнайы конкурспен қабылданып, кіші қызметкерлер жергілікті тұрғындар арасынан іріктеледі. Бұл – ауылдағы жұмыссыз жүргендер үшін үлкен мүмкіндік.

Күннің ыстығына қарамастан құрылысты тоқтатпай, қыздырып жатқан құрыш білектілердің жұмысы ширақ екен. «Асар» құрылыс мекемесінің инженері Бақытжан Өмірбаевтің айтуынша, мектеп желтоқсан айында пайдалануға беріледі.

– Қазіргі таңда бетон құрылыстары бітуге жақын. Ішкі жұмыстарын да бастап кеттік. Жарық, газ жүргізілуде. Оқушыларға қолайлы, ыңғайлы етіп салынуда. Мектептің төрт жағынан кіріп-шығуға мүмкіндік болады. Бір ерекшелігі – үлкен және бастауыш сынып оқушыларының есіктері бөлек-бөлек орналасады, – дейді инженер.

Бала туу көрсеткіші артқан

Мектепке дейінгі білім беру мекемесінің бірі – «Сыр дидары» бөбекжай-бақшасы 2014 жылы ашылған. Онда 12 топта барлығы 280 бала тәрбиеленуде. Әбенов көшесінде орналасқан балабақша бөлмелері орталықтандырылған газбен жылытылады. Мекемеде барлығы 77 қызметкер жұмыс жасайды. Оның ішінде 36 педагог, 41 техникалық қызметкер. Топ бөлмелері талапқа сай жасақталған.

 2014 жылы «Қызылжарма» ауылдық округінде жалпы құны 78 млн теңгені құрайтын жаңа амбулатория  пайдалануға берілген. Қазіргі таңда бір мезгілде 120 келушіге қызмет көрсететін орталықта алғашқы көмек көрсету, үйге шақыру, жүктілікті есепке алу және әйелдердің қалыпты босануын қадағалау секілді жұмыстарды қамтамасыз етеді. Ауылда ана мен бала денсаулығы басты назарға қойылған. Өткен жылмен салыстырғанда бала туу саны жоғары. Десе де ауыл халқының саны  көбейгендіктен бұл мекеме барлық тұрғынды қамти алмайды. Ауыл әкімінің айтуынша, Титов шағын ауданында жаңа үлкен емхана бой көтереді. Осы уақытқа дейін Гагарин шағын ауданындағы №5 емханаға қаралған тұрғындар енді жақын аумаққа баратын болады.

Кәсіпке ден қойған жастар көп

Шаруасы жылдан-жылға көркейген елді мекенде ірі кәсіпорындар болмаса да, есесіне шағын кәсіпкерлік жақсы дамыған. Дүкен, монша, шаштараз, кондитерлік цех, дәріхана, оқу орталығы, мейрамхана ашқандар тұрғындар игілігіне қызмет жасауда. Жастар да кәсіпке машықтанған. Соның бірі – Қайржан Шәріпжанұлы мал шаруашылығын дамытып отыр.

– 2018 жылы «Агронесие» бойынша 4 млн теңге қаржы алып, оның несиесін толық өтедім. Былтыр жастар бағдарламасымен 2,5 пайызбен 11 бас жылқы алдым. Қазір ауылдан 10 шақырым жерде фазендада ұстап, бағып отырмын. Қорада азын-аулақ малымыз бар. Оны етке өткіземіз. Өзімізді-өзіміз жұмыспен қамтып, отбасымызбен  атакәсіпке бетбұрдық.  Жылда қорада 4-5  бас бие сауылатын еді, биыл сауатын адам болмай тұр, – дейді жас кәсіпкер.

Тұрғындар үшін қызмет көрсету нысандары жұмыс істейді. Былтыр заманауи талапқа сай «Димаш» моншасы бой көтеріпті. Бұған дейін мұндай жайлы қызмет көрсету орны болмаған. Гүлмира Базарбаева микроқаржы ұйымынан «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 5 млн теңге  қаржы алып, кәсібін өркендетіп отыр.

Жалпы, ауыл ауызбіршілік арқасында толымды табысқа кенелуде. Мұндағы тұрғындарының көпшілігі қалада жұмыс істейді.  «Автобус паркі» ЖШС-на қарасты №№1,3,14,20,21 бағыттағы жаңа қоғамдық көліктер қала мен ауылдық округ арасында іркіліссіз қатынайды.  Бұл қатынас – қызылжармалықтардың өмір тынысының бір айғағы.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы».

 Суреттерді түсірген

Нұрболат Нұржаубай

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<