Әрбір адам күнделікті өмірінің ағынында түрлі рөлдерді атқарады – жұмыста қызметкер, қоғамда дәнекер, ұрпағына ата-ана, үлкендеріне бала, ұстаздарына шәкірт, шәкірттеріне үлгі, жұбайына серік, тағысын тағылар. Адамзат баласының тағы бір қасиетті борышы – мемлекетіне белсенді азамат болу. Мемлекет пен азаматты әдетте құқықтық, формальды ұғымдар байланыстырады. Ал рухани, эмоциялық деңгейде ұштастыратын бірден-бір құбылыс – мемлекеттік рәміздер.
4 маусым күні мемлекеттік рәміздеріміздің кезекті мерейтойын атап өтеміз. Ту, Елтаңба, әнұраннан тұратын үш объектте материалдық тұрғыда бағалы ештеме таппайтын да шығарсыз. Бірақ рухани тұрғыдан бағалағанда, рәміздердің орны абырой, мүдде, отансүйгіштік, қазына, байлық сөздерімен теңдес болады.
Сараласақ, рәміздерді тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қабылдаудың еш қажеттігі жоқтай көрінеді. Халық жаңа мемлекет пен жаңа экономиканы қалыптастыру үстінде. Мемлекеттік органдар халықтың мүддесін қорғаудың алғышарттарын қалыптастыруда. Адамдардың өмірінің сапасы тәуекелге тігілген кезеңде үш заттың түр-сипатымен айналысу ұлт тағдырында қаншалықты өзекті? Бұл сұрақтың жауабын мыңдаған адамның жұмылған еңбегі тиянақтайды. Және сол адамдардың арасында Елбасы, белгілі әрі беделді қоғам қайраткерлері, өнер майталмандары бар.
1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңестің деңгейінде мемлекеттік рәміздерді дайындау бойынша жұмыс тобы құрылады. Артынша Ту, Елтаңба, әнұран жобаларын жасау бойынша байқау жарияланады. Байқауға қатысушылардың алдына күрделі талаптар қойылады. Бұл сәттің жауапкершілігі мен барлық тараптардың міндеттерін жауапты тұлғалар бірден түсінді. Көп күттірмей 600-ден аса адам өз үлгілерін байқау жұмыс тобының назарына ұсынды. Таңдау жасаудың өзі оңай шаруа емес. Шығармашылық шешімдері тарихи, саяси, экономикалық ерекшеліктерді ескеру керек, заманмен үндестік табуы тиіс.
Қарастыру тізімінде Тудың 1200 эскизі, Елтаңбаның 245 суреті мен 67 суреттемесі, әнұранның 750 нұсқасы тіркелген. Нәтижесінде Шәкен Ниязбеков салған Мемлекеттік ту бекітіледі, Елтаңбаны сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уалиханов ұсынады. Тұңғыш Қазақстан әнұран әнінің авторлары – Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамиди. 2006 жылы жаңа Мемлекеттік әнұран қабылданады.
Осылайша тәуелсіздік орнағаннан кейін 130 күн өткен соң, Ту мен Елтаңба қолданысқа енеді. 1992 жылдың соңында әнұранымыз да бірінші рет шырқалып, кейіннен талай мінберден, халықаралық саяси және спорт ареналарынан көк тудың желбірегенін, Еуразия жүрегіндегі мемлекеттің әуенін әлем халқы тамашалайды.
Биыл халқымыздың саны 19 миллионға жетіп, коронавирус пандемиясының салдарымен күресу үстіндегі халқымыз бірқатар азаматтық, мәдени, экономикалық, технологиялық, өркениеттік жетістіктерге жетудің алдында тұр. Төртінші ғылыми-технологиялық революция мезгілінде мемлекеттің алақаны, бойтұмары және қасиетті ұраны – рәміздер.
С.Ибраев
Жаңақорған ауданаралық әділет басқармасының басшысы,
ҚР Заңгерлер одағының мүшесі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<