Рәсімдердің мәні неде?

911

0

Кеше еліміз тәуелсіздік алғалы бері 9-шы Аза тұту күні жария­ланды. Осыған дейін шахтадағы екі жарылыстан, су бөгетінің бұзылуынан, шекара бекетіндегі оқиғадан, үш бірдей ұшақ  апаты мен терактіден қаза тапқандарды азалаппыз. Бұл жолы коронавирус індетінен марқұм болғандарды еске алуға арналып отыр. Көк байрақ төмен түсіріліп,  түс әлетінде барлық мекемелер мен кәсіпорындарда 1 минут үнсіздік жарияланды.

Бір минут үнсіздік деген рәсім қайдан шыққан? Қайдан бастау алған? Болжамдарға қарағанда, күн сайын кешкі 21:00-дің соңғы минутында теңіздегі бүкіл кемелер сөйлесуді доғарып, бір минут эфирде тыныштық орнайды. Осы тыныштық кезінде апатқа кезіккендердің SOS сигналдарын тыңдауға болады. Эфирді тыныш қою – өлгендердің «сөйлеуіне» мүмкіндік беру деген сенім бар.

Тағы бір дерек, алыстағы Америкаға апарады. Жаңа құр­лыққа барғандардың діни сеніміне байланысты шыққан деген болжам бар. Бірнеше діни ағым өкіл­дерінің арасында  адамды соңғы сапарына шығарып салуға орай түрлі келіспеушіліктер орын алып отырған. Сондықтан діндарлар «үнсіздік сәті» деген ұрымтал тәсіл ойлап тауып, бәрі бірдей тынышталғанда, әркім іштей өз тілінде, өз дәстүр-дініне сай тілек-дұға оқуды ұсынған.

Ал Туды төмен түсіру салтының түп-төркіні неде? Бұл ғұрыптың да негізі әскери-теңіз соғыстарында жатыр. Туды түсіру – капитуляцияның бір белгісі. Алайда кейбір дерек көздері оны ежелгі грек-рим дәстүрі ретінде сипаттайды.

Туды төмен түсіріп, үсті­нен бір ту тігерліктей орын қал­дырудың өзіндік мәні бар. Ол жерге көрінбейтін ту ілінеді. Ал көрінбейтін ту – аза тұтудың бір белгісі. Дегенмен, үлкен туларды жалаусаптың ортасына дейін түсіріп қояды. Бұдан бөлек, туға аза тұту таспасын іледі.

Қаралы үйге ту тігу дәстүрі қазақта да бар. Ол туралы «Абай жолындағы» Бөжейдің өліміне қатысты эпизодта тәптіштеп түсіндірілген.

Адам баласы алдағы күнге деген үмітпен өмір сүреді, болашаққа жоспар құрады. Ақ пен қара қатар жүретін тірлікте қуану да, қайғыру да заңдылық. Кеше Аза тұту күнін өткерген барлығымыздың тілегіміз бір болғанына күмәнім жоқ. Ол – індеттің беті қайтып, қалыпты өмірге оралу, ауруханаларда ем алып жатқан науқастардың сауығып кетуі. Енді ешқашан Аза тұту күні жарияланбасын, Туымыз төмен түспесін!

М.МЕРЕЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<