Рамазан – жақсылық пен мейірімге толы ерекше ай. Күллі мұсылман күтетін қасиетті рамазан айы 11 наурыз бен 9 сәуір аралығында өтеді. Ал, ораза айт мерекесі 10 сәуірге тура келеді. Қасиетті Қадір түні 5 сәуірден 6 сәуірге қараған түні өтеді. Сондай-ақ, ҚМДБ шешімі бойынша жан басына шаққандағы пітір садақаның мөлшері 640 теңге болып белгіленді. Бүл туралы облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы Нұрхат Бердібек хабарлады.
– Баршаңызды мұсылмандар үшін қасиетті болып саналатын Рамазан айының келуімен құттықтаймын! Бұл айда қайырымдылық пен жанашырлық, ізеттілік пен имандылық сияқты қасиеттерді дәріптейтін ерекше кезең. Рамазан айының қарсаңында жергілікті атқарушы органдар мен ҚМДБ-ның облыстағы өкілдігі бірлесе отырып, бірнеше іс-шара ұйымдастырмақ. Атап айтқанда, “Қош келдің Рамазан!” деп аталатын рухани кеш пен жас отбасыларға арналған “Отбасы – рухани тәрбие ошағы” атты іс-шара өткізу жоспарлануда, – деді Нұрхат Маратұлы.
– ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының мәлімдемесіне сәйкес, биылғы Рамазан айы 11 наурызда басталады. Ал, Айт мерекесі 10 сәуірде өтеді. Рамазан айындағы жалпы пітір садақа мөлшері бекітілгенімен құрма, мейіз бағасымен де беруге болады. Сонымен қатар, пітір садақаны жүкті әйелдер ішіндегі сәбиі үшін де береді. Садақаны мешітке келіп немесе мобильді қосымшалар арқылы да аударуға болады. Дәстүр бойынша мешіттерімізде ауызашар дастарханы жайылып, белгіленген тәртіпте өткізіледі, – деді Қызылорда облысының бас имамы Дастан Құрманбаев.
Брифинг барысында №3 қалалық емхананың жалпы тәжірибелі дәрігері Меруерт Нұрымбет оразаның адам денсаулығына пайдасын атап өтті.
– Жалпы, медицинада ораза адам ағзасы үшін пайдалы. Себебі, адам ораза ұстаған кезде қан қысымы реттеліп, холестерин деңгейі төмендейді. Сонымен қатар, организмдегі қант деңгейінің тұрақты болуына да септігін тигізеді. Бұл кезеңде ең бастысы – дұрыс тамақтану тәртібі. Яғни, ауыз ашқан кезде құнарлы, ақуызы көп пайдалы тамақтарды және жеміс-жидектер мен көкөністерді жиі жеу керек. Алайда, медицина жағынан кей адамдарға ораза ұстауға кеңес берілмейді. Мысалы, асқазанның ойық жара ауруы бар, қант диабетіне шалдыққан науқастар, жүкті әйелдер және кішкентай балалар. Сондықтан, дәрігердің кеңесін ала отырып, ораза ұстаған жөн, – деді Меруерт Нұрымбет.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<