Рамазан айының басталуымен құттықтады

676

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын қабылдады.

Кездесуде Президент Қазақстан мұсылмандарын қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспары туралы баяндалды. Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, мүфтият осы жылды «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» деп жариялаған. Осыған байланысты елімізде жыл бойына  аталған тақырыпта форумдар өткізіледі. Сонымен қатар дін мен дәстүрді сабақтастыра отырып, жас қыз-келіншектерді имандылыққа баулитын «Әжелер мектебінің» ашылғаны жайлы айтылды.

Мемлекет басшысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ораза айында ұйымдастыратын шаралары туралы мәлімет берілді. Наурызбай қажы алдағы уақытта Түркітілдес елдердің Бас мүфтилерінің Алқасы құрылатынын жеткізді.

Оркестр жетекшісін қабылдады

Президент «Отырар сазы» оркестрінің жетекшісі Динара Тілендиеваны қабылдады.

Кездесу барысында қазақ мәдениетін дамыту мәселелері талқыланды.

Динара Тілендиева Қазақстан Президентіне «Отырар сазы» мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің қызметі мен алдағы жоспары туралы мәлімет берді.

Атап айтқанда, ол бірқатар перспективті жобаны жүзеге асыру жайында, оның ішінде италиялық тенор Андреа Бочеллидің репертуарындағы және басқа да қазақтың халық аспаптарында ойнайтын белгілі музыканттардың танымал шығармаларын орындау жөнінде баяндады.

2025 жылы аса көрнекті композитор Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толады. Кездесуде осы мерейтойға арнайы назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған маңызды оқиғаны кең көлемде атап өту қажет екенін айтты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<