Рамазан – сауап жасау, мол мүмкіндік, рухани тұрғыдан өз-өзіңді жаңарту, жаңғыру айы. Берекелі айдың құрметіне орай қайырымдылық акциялары мен түрлі форматтағы іс-шаралар және онлайн режимде жарыстар өткізіледі.
Бұл туралы көшпелі брифингте облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы Болатбек Әбуов айтты.
– Рамазан – айлардың сұлтаны. Күнәлардың кешірілетін мың айдан да қайырлы Қадыр түні бар шоқтығы биік ай. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала мүміндерге ораза ұстау жайында былай дейді:
«Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынады. Әрине, сақтанарсыңдар». Әлемдердің Раббысы айлардың сұлтаны болған Рамазанда шынайы сеніммен бір ай ораза ұстаған жанның барлық күнәларын кешіруге дайын. Бұл – тек Мұхаммед (с.ғ.с) үмбетіне берілген асыл сый. Алла елшісі өзінің құдси хадисінде ораза тұтқан адамның Алла алдында орны ерекше екенін атап өткен.
– Биылғы Рамазан айы 23 наурызда басталады. Ал Айт мерекесі 21 сәуірге, қасиетті Қадыр түні 17 сәуірден 18 сәуірге қараған түнге сәйкес келеді. Пітір-садақа мөлшері Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы жанындағы ғұламалар кеңесінің шешімімен жан басына шаққандағы мөлшері 535 теңге болып белгіленді. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады. Дәстүр бойынша мешіттерімізде ауызашар дастарханы жайылып, 22 наурыздан бастап жамағатпен тарауық намаздары оқылатынын хабарлаймыз, – дейді облыстың бас имамы.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<