Фото ашық дереккөзден
Рамазан – мейірімділік пен қайырымдылық, кешірімділік пен тақуалықтың айы. Нәпсіні тәрбиелеп, адамдардың өзіне есеп беретін керемет кезеңінде күнәлар кешірілетін, мың айдан да қайырлы Қадір түні де бар.
Бұл айдағы әрбір жақсы амалдың сауабы еселеніп жазылады. Омырауда баласы бар, денсаулығы жарамайтын, кәрілік жеткен қарттарымыз ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да абзал амалдың бірі болмақ. Әрине, ораза ұстаудың рухани жан саулығына һәм денсаулыққа пайдасы көп. Рухани пайдасының бірі адам баласын сабырлыққа, төзімділікке тәрбиелеуінде, ойландыруында. Өйткені пенде күнін Алла Тағалаға иман еткен күйде аштықпен, шөліркеумен өткізеді. Ал адамның ашуын тудыратын қандай да бір келеңсіз жайтқа тап болса, «Мен оразамын» деп сабырға келеді. Жалпы мұсылман қоғамында рамазан айында қылмыс азаятыны белгілі.
Елдегі астрономиялық зерттеу орталықтарының ғылыми мәліметіне сүйене келе, биыл рамазан айы 11 наурызда басталды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстың бас имамы Дастан Құрманбаев биылғы рамазан айының ерекшеліктері мен аймақ бойынша атқарылатын шараларға тоқталып өтті.
– Айт мерекесі 10 сәуірге тура келеді. Қасиетті Қадір түні 5 сәуірден 6 сәуірге қараған түнге дөп келіп отыр. Еліміздегі азық-түліктің, соның ішінде 2 келі ұнның орташа есебін ала отырып, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы жанындағы ғұламалар кеңесінің шешімімен жан басына шаққандағы пітір садақаның мөлшері 640 теңге болып белгіленді. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады. Садақаны мешітке келіп қолма қол немесе Kaspi.kz, Halyk Homebank, Fortebank, Банк ЦентрКредит, Bereke Bank, Astana-Plat мобильді қосымшалары және Қазпочта арқылы аударуға да мүмкіндік бар.
Дәстүр бойынша мешіттерде ауызашар дастарқаны жайылып, 10 наурыздан бастап жамағатпен тарауық намаздары оқыла бастады, – дейді бас имам.
Айта кетейік, Рамазан айында ораза ұстау – ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жеткен әрбір мұсылман адамға парыз. Шамасы келмейтін, қарт, жазылмайтын ауруға шалдыққандар підия (фидия) садақасын береді. Биылғы бір күнге арналған бұл садақа мөлшері 3400 теңгені құрап отыр. Підия – бір ай бойына бір міскінді тамақтандыру немесе тамақтандыратын көлемдегі қаржылай садақа түрі. Ауыз бекітіп, ораза ұстауға ниет еткен топтың көкейінде туындайтын сұрақтарға бас имамнан жауап алған едік.
– Ораза ұстап жүрген адам ұйықтап қалып, оянғанда таң атып кеткен болса, тамақ жемей оразасын жалғастыра беруі тиіс. Ал өзінің ораза екенін білмей тамақты ішіп-жесе, ораза бұзылмайды, есіне түскенде немесе бір кісі ораза екенін ескерткенде бірден өзін тоқтату қажет.
Оразаны бұзбайтын нәрселердің қатарына ұмытып ішіп-жеу, қан алдыру, ауыз-мұрынды шаю, шомылу, төбеден су құйынып жуыну, бой дәретсіз таң атыру, еріксіз құсу, көзге сүрме жағу, еріксіз тамағына түтін, тозаң кіру, аузындағы сілекейін не түкірігін ішке тартып жұту, тістің арасындағы бұршақтан кішкене нәрсені жұту кіреді. Ал таң атқаннан күн батқанға дейінгі аралықта ішіп-жеу, дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау және темекі тарту оразаны бұзады. Қасиетті Рамазан айында толық бір ай ораза ұстау парыз. Айдың басында, ортасында, аяғында үш күннен ұсталмайды. Сәресі ішу уақыты таң намазына 10 минут қалғанда тоқтатылады. Ал ауыз ашу ақшам намазының уақыты кірумен басталады, – дейді бас имам.
Берекелі айдың құрметіне орай өңірдегі мешіттерде және әлеуметтік желілердегі арнайы парақшаларда үздіксіз уағыз айтылып, Хатым Құран оқылады, сабақтардың өткізілуі басты назарда болмақ. Сонымен қатар бас имамның айтуынша, биыл «Ел үлесі – пәтерге», «Рамазан қоржыны», «Жомарт жұма», «Рамазанда бір тал ек», «Рамазан сыйы», «Рамазан тәттісі», «Шарапатты Рамазан» сынды қайырымдылық акцияларын және түрлі форматтағы іс-шаралар мен жарыстар өткізу жоспарлануда.
Қосымша шараларға тоқталып өтсек. Қасиетті айдың әр күнін мағыналы өткізу мақсатында «Қош келдің Рамазан!» атты рухани кеш, «Бір айда Құранға түс», «Намаз оқып үйренейік» марафондары, Құранды жатқа және мәнерлеп оқу жарыстары, интеллектуалды білім сайыстары, «30 күнге – 30 видеоуағыз» рубрикасымен әлеуметтік желі арқылы Рамазан айының қадір-қасиетін бұқараға насихаттау, «Пәтуа сағаты», «Ораза ұстаудың тәртібі» шаралары, «Рамазан айында ішімдік сатылмасын!» акциясы, «Жарапазан айту» эстафетасы ұйымдастырылатын болады.
Өңір тұрғындарын аталған шараларға белсене қатысуға шақырып, мың айдан да қайырлы болған қасиетті айда ұстағалы жатқан ораза, құлшылық-ғибадаттардың қабыл болуын тілейміз.
Дина БӨКЕБАЙ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<