Кеше өткен облыстық мәслихаттың кезекті 25-ші сессиясы аймақ үшін айтулы жаңалыққа тілектестікпен бастау алды. Сессия төрағасы Ибадулла Құттықожаев облыс басшысын Астана қаласында өткен “Индустрияландырудың екінші бесжылдығы. Қазақстанда жасалған” Жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан “Ең үздік бизнес орта құрғаны үшін” номинациясы бойынша “Алтын сапа” сыйлығын алуымен депутаттар корпусы, сессия қатысушылары атынан құттықтап, ел игілігі үшін атқарылып жатқан істерге тілектестік білдірді.
Мұнан соң облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сөз алып, Елбасының Қызылорда облысын кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы аймақ ретінде бағалап, арнайы сыйлық табыстауы баршаға ортақ жеңіс екенін атап өтіп, өз құттықтауын жеткізді. Аймақ басшысы сондай-ақ соңғы уақыттары өңірімізде болып жатқан маңызды шараларға тоқталды.
– Желтоқсан айының басында соңғы бес жыл ішінде аймақ экономикасына инвестиция тартуға зор үлес қосып келе жатқан “Байқоңыр-Инвест” форумының кезекті шарасы сәтті өтті. Оған 15 мемлекеттің қаржы және бизнес өкілдерімен бірге бес елдің төтенше және өкілетті елшілері қатысты, – деді облыс әкімі.
Форум қорытындысымен облыс экономикасы үшін өте маңызды 14 меморандумға қол қойылды. Ал 11 желтоқсанда Индустрияландыру күні аясында Елбасының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпірде аймағымыз үшін маңызды екі ірі құнды жоба іске қосылды. Оның біріншісі – Шиелі ауданындағы “Геджуба Шиелі Цемент компаниясы” ЖШС-ның қуаттылығы жылына 1 млн тонна болатын цемент зауыты. Бұл – аймақтағы қолайлы инвестициялық ахуалдың жемісі және Қазақстанда тампонажды цемент шығаратын алғашқы кәсіпорын. Оның өнімдері тек құрылыс саласында ғана емес, сондай-ақ мұнай-газ өндірісінде де кеңінен қолданылады және экспортқа шығарылады. Бұл зауыттың іске қосылуы облыста құрылыс саласының жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді. Кәсіпорында 260 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Екіншісі – “Сарыарқа” газ магистралінің құрылысы. Бұл жоба Елбасының 5 әлеуметтік бастамасында көрсетілгендей, еліміздің орталық және солтүстік аймақтарын көгілдір отынмен қамтамасыз етеді. Өткізгіштік қуаты жылына 2,2 млрд текше метр болатын газ құбырының ұзындығы 1061 шақырым. Жоба жүзеге асырылғанда 3 миллионға жуық халық көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі. Келісім бойынша Қызылорда өңірінде жергілікті компания жұмыс істейді.
Аймақ басшысының және атап өткеніндей, тұрғындар көптен күткен ақжолтай хабар – уақыт белдеуінің өзгеруі болып отыр.
Облыс әкімінің ұсынысы Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тауып, Үкіметтің арнайы қаулысы шықты. Бұл тұрғындардың, әсіресе балалардың денсаулығына әсер ететін физиологиялық ауытқуды жоюға мүмкіндік береді. Сонымен бірге аймақтың табиғи-географиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайына оңтайлы әрі экономикалық шығындар әкелмейді. Ал электр энергиясын тұтыну 4,2% көлемінде үнемделеді деп күтілуде.
Аймақ басшысы облыс бюджетіне енгізілетін өзгертулер депутаттардың жан-жақты талқылауынан өткенін тілге тиек етті. Бюджетті 1,3 млрд теңгеге нақтылау ұсынылуда. Бұл қаражат мемлекеттік сатып алудан үнемделген қаржы мен мемлекеттік бюджет кірісінен құралып отыр. Қаржының басым бөлігі Қызылорда қаласын дамыту шығындарына бағытталады.
Облыс әкімі 2018-2020 жылдарға арналған бюджетке шолу жасады. 2018 жылғы бюджет 190,8 млрд теңге болып бекітілсе, жыл ішінде республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттер мен жергілікті бюджет кірісін ұлғайту есебінен 226,5 млрд теңгеге жетті. Бұл қаражат облыстағы көптеген мәселелерді шешуге, атап айтқанда, жолдарды жөндеуге, балабақшалар мен ауыл клубтары құрылыстарына, апатты мектеп орнына жаңа ғимарат салуға, Сырдарияның сол жағалауын дамытуға бағытталды. Басымдықтар 2019 және 2020 жылдарға арналған бюджеттерде де сақталатын болады. 2019 жылдың бюджеті 210,3 млрд теңге болып бекітіледі. Сәйкесінше, 2018 жылы бекітілген бюджеттен 19,5 млрд теңгеге артық. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде келесі жылы барлық министрліктер мен Үкіметтен 57,6 млрд теңге мақсатты транферттер мен несиелер алу жоспарланып отыр. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 30 млрд теңгеге артық. Дегенде, бұл тек алғашқы цифрлар, әйткенмен, Президент тапсырмасына сай, қызылордалықтардың дайын жобаларын ұсынып, тағы да 20-25 млрд теңге қаржы алуға мүмкіндігі бар.
Сондай-ақ, Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді іске асыру үшін қажетті қаржы қарастырылды. Келесі жылы облыстың даму бюджеті әзірге 39,4 млрд теңгені құрайтын болады. Алдымызда тұрған ауқымды міндеттерді ескере отырып, жаңа резервтер іздеу, салық базасын кеңейту, тиісінше Үкіметпен орталық атқару органдарымен және бизнес қауымдастығымен нәтижелі жұмыстарды одан әрі жандандыра түсу қажет.
– Біздің жұмыстарымыздың маңызды бағыттарының бірі – халықаралық қаржы ұйымдарымен және мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында өңірдің дамуына инвестициялар тарту болып табылады. Қазіргі күні өңірде экономиканың барлық салаларында МӘЖ аясында 75 жоба жүзеге асырылу сатысында. 32 жоба бойынша келісім-шарттарға қол қойылды, – деді осы орайда облыс басшысы.
Бірлескен жұмыстар нәтижесінде барлық салада дамудың оң динамикасына қол жеткізілді. Оның ішінде кейбір салалар бойынша Қызылорда облысы республикада көш басында тұр. Ал аймаққа қатысты кейбір өзекті мәселелерді шешуге орай, Президентке ұсыныс берілген. Ол бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Осындай басымдықтарды саралап өткен облыс басшысы депутаттарды алда келе жатқан мерекелермен құттықтады.
Мұнан соң депутаттар сессияның күн тәртібіндегі 2018-2020 жылдарға арналған облыс бюджетіне өзгерістер енгізу туралы ұсынысты бірауыздан қолдап, дауыс берді. Келесі кезекте облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметінің басшысы Бауыржан Ибраев өзі басқарып отырған құрылым жұмысы жайлы есеп берді. Ол облыс көлемінде жалпы қылмыстылықтың ахуалын бір қалыпқа келтіріп, жол-көлік оқиғаларын азайту бағытында атқарылып жатқан жұмысты баяндап, көптеген оң нәтижелерге қол жеткізілгенін мәлімдеді. Осы жылдың 10 айлық қорытындысында облыс көлемінде жалпы қылмыстардың саны 14 процентке төмендеген.
Осы ретте облыс басшысы жергілікті полиция қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында қытайлық компания көмегімен облыс орталығында “Қауіпсіз қала” жобасын енгізу туралы жоспар барын айтып өтті. Ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылады. Алдағы ақпан айында келісімге қол қою жоспарланған. Жоба шеңберінде интеллектуалдық камералар орнатылады. Ол іздеуде жүрген адам қандай болып өзгерсе де, тауып беруге көмектеседі. Бұл республикадағы алғашқы жоба болмақ. Оның сәтті жүзеге асуы үшін полиция офицерлерінің заманауи технологиялармен жұмыс істеу біліктілігін арттыру қажет. Осы бағытта жұмыстар жүргізу туралы полиция басшысына тапсырма берілді.
Бұдан кейін күн тәртібіндегі басқа да мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер шығарылды. Солардың қатарында облыстық комиссия ұсынысымен “Қызылорда облысының құрметті азаматы” атағын Қазақ ССР Балық шаруашылығы министрі қызметін абыроймен атқарған мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржановқа, әлемдік ғылымда өзіндік орны бар академик Әбдуәлі Бәйешовке, қаламгерлер қауымының белді өкілі, республикалық қоғамдық-саяси “Айқын” газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіпке беру туралы мәселе қаралды. Облыс әкімі аталған азаматтардың қайраткерлік қарым-қабілеті, қадір-қасиеті, білімпаздығы, ғылымдағы жетістігі, тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне, әлемдік деңгейде танылуына үлес қосып келе жатқаны туралы баяндап берді. Халық қалаулылары бұл ұсынысты қолдап, дауыс берді.
Сессия жұмысының соңында облыс басшысы бірқатар депутаттар мен аудан әкімдеріне және мемлекеттік органдардың басшыларына “Астанаға 20 жыл” мерекелік медалін салтанатты жағдайда табыс етті. Сонымен бірге “Біздің депутат” республикалық қоғамдық-саяси газеті 2018 жылғы үздіктерді анықтап, олардың қатарында Райкүл Байназарованы да атап өткені туралы жағымды жаңалықты жеткізіп, халық қалаулысына “Үздік депутат” арнаулы белгісі табыс етілді. Осылайша жылдың соңғы сессиясы жағымды жаңалықтарға толы болды.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<