Референдум – жарқын болашақтың кепілі

650

0

Референдум төңірегіндегі маңызды сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, қоғамдық ой-пікірді таразылау үшін облыстық ардагерлер кеңесі жанынан республикалық референдумды қолдау штабы құрылды. Штабтың жұмыс жоспары алқа мәжілісінде бекітіліп, қазір түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Жұмыс жоспары бойынша №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында кездесу өтті. Кездесу барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев пен филология ғылымдарының докторы, штаб мүшесі Баймырза Қожамберлиев түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

– 1995 жылдан бері, яғни 27 жыл бойы референдум өткізілген емес. Әрине осы уақыт аралығында көптеген жағдай орын алды. Төрт рет Конституция өзгерді, бірақ барлығы да Парламент арқылы шешіліп келген еді. Биылғы референдум аясында Конституцияның 33 бабына, жалпы айтқанда үштен бір бөлігіне өзгерістер енгізіледі. Бастысы, суперпрезиденттік басқару үлгісінен мықты Парламентке сүйенетін президенттік басқару үлгісі енгізілгелі тұр. Сондықтан референдумға қатысып, ой-пікірлеріңізді ашық айтып, дауыс беруге шақырамын. Бәріміз біркісідей жұмылсақ ғана өзіміз қалаған Қазақстанды құра аламыз, – деді Серік Әбішұлы.

Алдағы референдум тек бір қала немесе облыс тағдырына байланысты емес, ол тұтас мемлекеттің болашағына әсер етеді және жарқын келешектің іргетасы қалануы үшін оның маңызы зор.

– Қоғамда күрмеуі шешілмей жатқан күрделі мәселелер көбейді. Сол себепті Мемлекет басшысы сөзден гөрі іске баса назар аударып, маңызды шешім қабылдады. Бұл ел азаматы ретінде мені де қуантты. Бүгінде еліміз үлкен өзгерістер алдында тұр. Сол себепті әрбір адам өзінің азаматтық борышын орындауы тиіс. Өйткені, еліміздің дамуы референдумға тікелей байланысты, – деді Баймырза Қожамберліұлы.

Жиында қатысушылар сұрақ қойып, референдумға қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, ұсыныстар айтылып, бірқатар мәселелер талқыланды.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<