Арал қаласындағы №44 сайлау учаскесінде республикалық референдумға келушілердің белсенділігі жоғары. Таңғы уақыттан бастап тұрғындар өз таңдауын жасау үшін дауыс беруге келуде. Учаскеде мерекелік көңіл-күй қалыптасып, келушілер алтыбақан теуіп, ұлттық тағамдардан дәм татуда.
Учаске таңғы сағат 07:00-де өз жұмысын бастады. Комиссия мүшелері сайлаушыларды тіркеу, бюллетеньдерді тарату және дауыс беру тәртібін сақтау жұмыстарын жауапкершілікпен атқаруда. Барлық рәсімдер заң талаптарына сәйкес ашық әрі ұйымдасқан түрде жүргізілуде.
– Референдум учаскесі сағат 07:00-ден бастап ашылды. Комиссия мүшелері өз міндеттерін жауапкершілікпен атқаруда. Бүгінгі референдум барысы жақсы өтуде. Бұл науқанның ашық әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көрсетеді. Таң сәріден бастап келушілер легі азаймай отыр. Әсіресе, отбасымен бірге келіп дауыс беріп жатқан тұрғындар көп, – деді сайлау комиссиясының төрағасы С. Садықов.





