Реэвакуация: Жүрекжарды лебіздер

330

0

Неміс фашистері  кейін шегіне бастаған кезде эвакуацияланған  жоғары оқу орындары өз жерлеріне қайта көше бастады. Облыстық атқару комитетінің 1944 жылғы 8 сәуірдегі №254/43 қаулысымен Украина Біріккен университетінің бұрынғы орнына қайта көшірілуіне орай (реэвакуация) университет ғалымдары облысымызға жоғары білікті мамандар  дайындаудағы және ауылшаруашылық, ғылым саласындағы абыройлы еңбектері үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

«Харьков университетінің ғалымдары қызылордалықтар көрсеткен қыруар көмекті ешуақытта ұмыта алмайды» деген алғыс хаттағы жүрек тебірентер сөздер – сырбойылықтар ілтипатына берілген жоғары баға.

«Біз, Қырым медицина институтының оқытушылары мен студенттері, бүкіл елімізге зор қауіп төніп тұрған шақта қолұшын берген, барынша жағдай жасаған қызылордалықтарды ешқашан ұмытпаймыз. Бұл достық жүрегімізде мәңгі сақталып қалады» деген ыстық лебіздер қиыншылықта қамқор қолын созған облыс тұрғындарына  арнаған шынайы сезімді білдіреді.

Соғыстың әбден белең алған кездерінде Қызылорда қаласына келіп, қызметтерін жалғастырған институт оқытушылары мен студенттері қазақ ұлтына деген оң көзқараспен, ыстық ықыласты игі тілекпен туған жеріне аттанды.

Тағдыр табыстырған ондаған ұлттың ордасы болған Сыр өңірі тұрғындары талай-талай тартысты кезеңдерді бастан өткізді. Езіле жүріп еңсесін тіктеуге ұмтылды. Аштықты да, аласапыранды да бастан өткізді. Сондықтан да олар өз жерлерінен еріксіз көшірілген бауырларына жан-жақты жағдай жасады. Бүгінде осында ынтымағы жарасқан ондаған ұлт өкілдері өмір сүреді, қоян-қолтық еңбек етіп, жаңа заманның талаптарына сай тіршілігін жандандыруда.  

Облыстық архив қорынан

КСРО мен Польша республикасы арасындағы келісім негізінде поляк азаматтарын реэвакуациялау, 1946 жыл

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<