Ресейге жұмыс сапары

566

0

«10-11 ақпанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің шақыруымен Ресей Федерациясына қысқамерзімді жұмыс сапарымен барады» деп жазды Президенттің  Баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook парақшасында.

Сондай-ақ «10 ақпанда Мәскеуде Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен келіссөз жүргізеді. Кездесу барысында мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Ресей арасындағы көпжақты стратегиялық серіктестіктің даму перспективаларын қарастырады.

11 ақпан күні Мемлекет басшысы Қазан қаласында Татарстан Президенті Рустам Миннихановпен кездеседі және республикадағы бірқатар ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды аралап көреді» делінген жазбада.

Парламент дипломатиясының рөлі

Мемлекет басшысы Өзбекстанның Олий Мәжілісі Заң шығару палатасының төрағасын қабылдады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасының Олий Мәжілісі Заң шығару палатасының төрағасы Нурдинжон Исмоиловқа ілтипат білдіре отырып, елдеріміз достық пен тату көршілікке, ортақ мәдени құндылықтарға негізделген, мемлекетаралық ынтымақтастықтың үлгісі болатын берік әрі үйлесімді қатынастар орнатқанын атап өтті.

Қазақстан Президенті өткен жылдың желтоқсан айында Шавкат Мирзиёевтің елімізге жасаған мемлекеттік сапарын жоғары бағалады. Сол сапар қазақ-өзбек ынтымақтастығын одақтастық деңгейіне көтеруге негіз болған.

– Өзбекстан – Қазақстан үшін бауырлас, серіктес ел. Сондықтан екі ел арасындағы өзара қарым-қатынастарды дамытуға баса мән береміз. Біздің одақтас қатынастарымыз кең ауқымды және саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды қамтиды. Осы ретте парламент дипломатиясы ерекше рөл атқарады, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Нурдинжон Исмоилов Қасым-Жомарт Тоқаевқа кездесуге уақыт бөлгені үшін алғыс білдіріп, Өзбекстан Президентінің ізгі тілегі мен сәлемін жеткізді.

Келісімге қол қойды

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов пен Қазақстанға ресми сапармен келген Өзбекстанның Олий Мажлис Заң шығару палатасының Спикері Нурдинжон Исмоилов Парламентаралық ынтымақтастық кеңесін құру туралы Келісімге қол қойды.

Жаңа құрылған Кеңес біздің мемлекеттеріміздің ықпалдастығына тың серпін беретінін, қол жеткен табыстарымызды одан ары тереңдетіп, Президенттеріміздің барлық сала бойынша келісімдерін тиімді жүзеге асыруға, заңнамалық ынтымақтастықты күшейтуге жаңа жол ашатынын атап өтті. Өз кезегінде мәртебелі мейман бұл келісім арқылы екі елдің, соның ішінде, парламенттер арасындағы ынтымақтастықты дамытудың жаңа кезеңі басталғанын, заң шығарушы органдар мемлекет басшыларының келісімдерін жүзеге асыру үшін бар күш-жігерлерін арнайтынын жеткізді.

Биыл қос мемлекет арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына тура 30 жыл толады. Бүгінде Өзбекстан Қазақстанның ірі экономикалық әріптесі саналады. Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Сондай-ақ, көлік-логистика, құрылыс, транзит және туризм басқа да салаларда әріптестік әлеуеті жоғары. Кездесу барысында Ерлан Қошанов Қазақстан Президентінің атынан Нурдинжон Исмоиловқа  бауырлас халықтар арасындағы ынтымақтастық пен достықты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін II «Достық» орденін табыс етті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<