Республикалық турнир өтті

556

0

Бүгін Қызылорда облысының 85 жылдығына орай Сырдария ауданының 95 жылдығы аталып өтуде. Тарихы терең ауданның мерейлі мерекесі аясында полиция аға лейтенанты, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Талғат Қозыбаев атындағы қазақша күрестен республикалық турнир өтті.

Республикалық турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Берік Сәрменбаев сөз сөйлеп, Қызылорда облысының 85 жылдығы мен Сырдария ауданының 95 жылдығына орай ауданда ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарланғанын жеткізіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Халық даналығында «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» деген нақыл бар. Қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан батыр ұлымыз, полиция аға лейтенанты, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Талғат Қозыбаевтың есімі әркез жаңғырып тұрады. Бейбіт күннің батыры небәрі 25 жасында қылмыскердің қолынан қаза тапты. Ел тыныштығын қорғауда ол өз антына адал болып, қайсарлық танытты. Осы ерлігі үшін Т.Қозыбаев ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Өзі қызмет еткен Тартоғай елді мекенінде және өзі туып өскен О.Мәлібаев ауылындағы көшелерге батыр ұлдың есімі берілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен өзі оқыған орта мектеп Талғат Қозыбаевтың есімімен аталады. Оның ерлігі мен көрсеткен қайсарлығына біз әркез тағзым етеміз. Дана халқымыз «Ат тұяғын тай басар» дейді.

Сол айтқандай, бүгінде Талғаттың ұлы Алмат құқық қорғау органында қызмет атқарып, әке ізін жалғастыруда, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Турнирдің ашылу салтанатында батыр ұлдың әкесі Есентай Қозыбаев және облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Шәмшәдин Әмитов сөз сөйлеп, ер есімін ұмытпай, еңбегі мен ерлігіне құрмет көрсетіп жатқан азаматтарға ризашылығын білдірді.Мерейтой аясындағы турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен және көршілес облыстардан спортшылар қатысып, жүлдегерлер арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Республикалық турнир өтті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<