Ризабек  – әлемнің үш дүркін чемпионы

1472

0

Сурет ашық дереккөзден

Еркін күрестен Ризабек Айтмұхан 3 түрлі жас санатында әлем чемпионатында алтын алған тұңғыш қазақ балуаны атанды. Бозкілемдегі белдесуде қарсылас шақ келтірмей жүрген саңлақ бұл жолы 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді.

Дүниежүзілік додада 97 келі салмақта сынға түскен ол финалда ирандық Махди Морафадан 11:6 есебімен басым түсті. Қарсыласы да осал емес болатын. 2021 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған Махди Албания жерінде алтын алуға күш салған еді. Ақтық сынға дейін сүрінбей жеткен ол шешуші сәтте Ризабекке қарсы тұра алған жоқ. Қазақтың күрес өнерінде есімі жарқырай көрінген жампоз аталған қарсыласын 11:6 есебімен қапы қалдырып кетті.

Қазақстандық балуан әлем чемпионатында финалға дейін Каллум Уильям Нок (Канада), Владислав Козлов (Бейтарап атлет), Шамиль-Имам Гаджалиевтен (Ресей) басым түскен еді.

Ол былтыр Белград (Сербия) қаласында өткен ересектер арасында (92 келі), ал биыл Понтеведра (Испания) қаласында 20 жасқа дейінгі палуандар арасында әлем чемпионы (97 келі) атанған.

Айта кетсек, Ризабек 2024 жылғы Париж Олимпиадасы бағдарламасында 92 келі салмақтың болмауына байланысты бара алған жоқ. Сондықтан ол 97 келі салмаққа ауысып, қазірдің өзінде екі мәрте әлем чемпионы атанып үлгерді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<