«Өркен әлем» өрге басты

472

0

Соңғы жылдары Жалағаш ауданында кәсіпкерлік аясы кеңейіп келеді. Соның бірі – «Серпін» индустриалды өндіріс аймағында орналасқан «Өркен Әлем» ЖШС-ның «Арнайы киім тігу шеберханасы». Мұнда 20 адам жұмыс жасайды. 

Жалпы, тігін тігіп, сырмақ сыру, кесте тоқып, ою салу халқымыздың жанына жақын кәсіп. Сондықтан болар, қолы епті қыз-келіншектердің қимылы да ширақ. Олардың барлығы дерлік бұл кәсіпті отбасында, ана тәрбиесі арқылы бойға сіңіргенін айтады. Дегенмен, мұнда еңбек етіп жатқан 20 тігінші «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша үш ай мерзімде оқып, кәсіби даярлықтан өтті.

Жобаның жалпы құны 38,2 млн теңгені құрайды. Оның ішінде жаңа стандартқа сай тігін машиналары Ресейден әкелінген. Өнім дайындауға қажетті тауарлар да сол жақтан алынып отыр. Сондықтан мұндағы тігіншілердің қолынан өткен бұйымдардың сапасы да мықты. Шеберхана меңгерушісі Ақылхан Босшаеваның айтуынша, осы уақытқа дейін жұмыссыз отырған қыз-келіншектер бұл кәсіпке ерекше ынтамен кірісіп кеткен. Сондай-ақ, олар мемлекеттік тапсырыстарды орындаумен бірге, аудан тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Киім-кешектер, құрақ көрпешелер, төсек жабдықтарын тігеді. Шеберхана ашылғалы осында еңбек етіп жатқан Айнаш Бегімсалова – өз жұмысын тиянақты орындайтын білікті тігіншілердің бірі.

– Мемлекеттің қолдауымен кәсіби даярлықтан өтіп, жұмыс жасап келеміз. Еңбекақымыз да уақытылы. Ең бастысы, жұмысымыз көңілімізден шығады. Кәсіп аясын кеңейтуге қолымыздан келгенше өз үлесімізді қосамыз, – дейді ол.

 Көздің жауын алардай құрақ көрпешелер, өзге де шеберлер қолынан шыққан бұйымдар еріксіз ризалық сезім тудырады.

                                                                                          

  Ғазиза ӘБІЛДА,

                                                  «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<