Соңғы жылдары көмірсутегі шикізатын өндірудің төмендегеніне қарамастан, өңірде экономикалық ахуал тұрақты сақталып келеді. Өңірдегі сан түрлі саланың даму жолын жетілдіріп, тиімді нәтижеге қол жеткізу бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда.
Облыс әкімдігінің бастамасымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыруды көздейтін өзекті мәселелер республикалық деңгейде талқыланды. Ондағы мақсат – мұнай-газ, су шаруашылығы салаларындағы, инженерлік инфрақұрылымды дамытудағы және тағы басқалай салалардағы қордаланған мәселелерді шешу.
Мәселен, мұнай-газ саласында «Оңтүстік Торғай», «Сарысу» және «Сырдария» шөгінді бассейндерінде геологиялық жер-қойнауын зерттеу жұмыстарын жүргізу ұсынылды. Бұл мұнай қоры көздерін айқындап, мұнай-газ саласындағы жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Осы саладағы тағы бір күрделі мәселе – облыстағы жер қойнауын пайдаланушыларға ішкі нарыққа мұнай жеткізу ауыртпалығын төмендету мәселесін де қарастыру ұсынылды. Бұл шара олардың қаржылық жағдайын жақсартуға ықпал етпек.
Ал, Байқоңыр кешенінде «Арнайы экономикалық аймақ құру» жобасы әлемдік деңгейдегі инфрақұрылым, туристік нысандарды дамытуға мүмкіндік бермек.
Қызылорда қаласындағы «Жылу Электр Орталығына» қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, осылайша қолданыстағы жылу қуаттылықтарын толық жаңарту ұсынылды. Сонымен қатар, облыстың 3 аудан орталығы мен 7 елді мекенді табиғи газ пайдалануға қосу, 15 елді мекендегі және Байқоңыр қаласындағы сумен жабдықтау жүйелерін жақсарту мәселесі де енгізілді.
Су шаруашылығы саласында – «Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің сағасын қалпына келтіру», «Қызылорда су торабын реконструкциялау», «Күміскеткен» және «Қараөзек» су қоймаларының құрылысы» сияқты ірі жобаларды республикалық бюджет қаржысы есебінен жүзеге асыру ұсынылды.
Осы мәселелер бойынша «Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспары» әзірленіп, ағымдағы жылдың маусым айында бекітілді.
Осыған дейін кешенді жоспар тек Нұр-Сұлтан қаласында, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында ғана қабылданса, төртінші болып Қызылорда облысы бойынша бекітілді. Яғни, өңір үшін құжаттың маңыздылығы өте зор.
119 іс-шараны жүзеге асыруды көздейтін Кешенді жоспар бойынша бүгінде орталық мемлекеттік органдармен жұмыстар басталды.
Облыстық экономика және
бюджеттік жоспарлау басқармасы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<