«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК Қызылорда филиалының ұйымдастыруымен «Кәсіпорындарға сапа менеджментін енгізу» бойынша өңірлік оқыту семинары өтті. Оған облыстағы бизнес-қауым мен мемлекеттік мекемелерден 100-ден аса өкіл қатысты.
Семинарды техникалық реттеу және метрология комитетінің облыс бойынша департамент басшысы Ерқанат Кеулімжаев ашып, шараның маңыздылығына кеңінен тоқталып өтті. Оның айтуынша, бірыңғай экономикалық кеңістік аумағында нақты және қалыптасқан қазақстандық бизнес орталықтарынан өз орнын табуға мүмкіндік беретін, халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес отандық кәсіпорындарға сапа менеджментін енгізудің және сертификаттаудың санын арттыру керек. Сонда біздің отандық кәсіпорындар жоғары талаптарға сай жұмыс атқаратын болады.
Оқыту семинарына «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК ОҚО филиалының директоры Сәкен Бейсеев баяндама жасады. Ол еңбекті қорғауды басқару жүйесі, пайдалануға арналған нұсқаулыққа қойылатын талаптар және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін басқару, азық-түлік тізбегінде кез-келген ұйымға қойылатын ережелер туралы қамтыды. Сонымен қатар қатысушылармен еркін пікір алмасып, қызықтырған сауалдарына жауап берді.
«Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК Қызылорда филиалының директоры Гүлнәз Шарапатта өз пікірімен бөлісті. «Бұл оқыту семинарының маңызы зор. Дәрісті білікті маман беруде. Семинардың негізгі бағыты техникалық реттеу және метрология саласының 2020 жылға арналған кешенді жоспарын дамыту, бюджеттік бағдарлама бойынша сапа менеджменті жүйесін бүгінгі отандық кәсіпорындарға енгізу. Қазіргі таңда облыс бойынша 400-ден аса кәсіпорын мен мекеме осы сапа менеджменті жүйесі бойынша стандарттау жүйесіне енгізу үшін жұмыстар жасап жатыр. Енді олардың санын көбейту көзделуде»,–дейді ол.
Семинарда қатысушыларға арнайы сертификат табыс етілді.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<